Көрмені аралап көрген адам иллюстратор әрі комикс авторы Николя Журнудың қарапайым қазақ баласымен танысып, дос болған сәттерін анық көре алады. Бас кезінде Бақытжан тұйық болды. Бірақ артынан Николямен жақын танысып, оған өз өмірі мен арман-қиялын айтып береді. Ол мүгедек болғанына қарамастан, әлемнің үздік футболшысы атанған Лионель Месси сияқты ойнап, спортта үлкен жетістіктерге жетуді армандайды. Алайда, полиомиелит ауруына душар болған Бақытжан осы өмірде тек арбамен ғана жүруге мәжбүр. Қол-аяғы да дұрыс қимылдамайды. Н.Журну болса, қазақ баласының жүрегінде жатқан ой-армандарын комикс арқылы іске асырды, тіпті, Бақытжанды «Super Normal» қаһарманына айналдырып, комикс арқылы шебер жеткізе білді.
Бақытжан өз өмірінде футболды жақсы көріп, үнемі «Барселона» командасына жанкүйер болып отырады. Ал осы клубтың ұраны - «Mes qu'in club», яғни «Клубтан да жоғары» дегенді білдіреді. Ал көрменің атауы - «Блоктан да жоғары». Себебі бас кезінде иллюстратор әрі комикс авторы Николя Журну 18 жасар Бақытжанның өмірі мен тағдыры туралы өз блогында жазып, сурет арқылы жеткізіп келген.
«Менің негізгі мақсатым - екі адамның, сау мен мүгедектің, француз бен қазақтың арасындағы достықты көрсету ғана емес, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қиын тағдырын жеткізу. Олардың осы қоғамдағы орнын, біз сияқты армандап, қиял әлеміне сапар жасайтынын көрсетуге тырыстым», - дейді Н.Журну.