Астанадағы көрмеде сирек кездесетін ит тұқымы ұсынылды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Көрме» орталығында иттердің ұлттық сертификаттық көрмесі өтіп жатыр. Бұл шараға Қазақстаннан 58 тұқым бойынша 170-тен астам ит қатыстырылуда.

Көрме қорытындысы бойынша үздік 10 тұқымдық топтың өкілдері іріктелінбек. Осыдан кейін Қазақстан чемпионы кандидатының титулы беріледі.

«Осылардың арасында ең кішкентайлары тойтеррер мен чихуахуалар, ал ең ірілерінің санатында Орта Азиялық овчаркалар мен тибеттік мастифтер. Сонымен қатар, көрмеде сібірлік хакилерді, Орта Азиялық және Шығыс Еуропалық овчаркаларды көптеп кездестіруге болады.
Бұрындары өте танымал болған бульдог және ротвейлер тұқымдары өте аз келген. Жалпы, осы шараға негізінен Алматы, Қарағанды, Қостанай, Көкшетау, Петропавл, Рудный, Теміртау және Астана қалаларынан белсенді қатысуда»,-деді көрме комитетінің төрағасы Евгений Мечковский.

Белгілі болғандай, көрмеге орыстың қара териері тұқымынан жалғыз ғана ит келген екен.

Лаврентий Павлович есімді осы ит орыс және неміс тіліндегі бұйрықтарды түсінетін көрінеді. Мамандардың сөзіне қарағанда, иттің бойы 72 см-ге, ал салмағы 68 келіге жетеді, сондықтан бұл тұқымдас иттерді жеке үйде ұстаған дұрыс.

«Қазіргі кезде бұл иттер Қазақстанда өте сирек кездеседі. Ол балалар мен әйелдерге тиіспейді, ал ерлерге сақтықпен қарайды, яғни тісін батыруы мүмкін. Генетика бойынша ол күзетке арналған»,-деп ойымен бөлісті қарағандылық Алексей Сомарин.