Астанадағы көрмеге бас қаланың тарихынан сыр шертетін теңдессіз құжаттар қойылды

АСТАНА. 29 маусым. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Елордада ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Астана: кеше, бүгін, ертең» атты деректі көрме ашылды.

Онда Санкт-Петербор қаласындағы Ресей мемлекеттік тарих мұрағатынан және Омбыдағы Тарих мұрағатынан бұрындары белгісіз болып келген, Қазақстанның бас қаласының тарихынан сыр шертетін теңдессіз құжаттар мен мәліметтер ұсынылып отыр.

Санкт-Петербор деректері Ақмола облысы мен қаласының елтаңбасы, далалық өлкенің әкімшілік-территориялық ережесі және басқа да құнды мәліметтерді береді. Омбының мұрағаты болса, Есіл өзенінде кеме қатынасын дамыту, Ақмола қаласының жоспары, облыс картасы, өңірде пошта қызметін құру, орман ағаштарын қорғау ісін дамыту сынды құжаттарды қамтиды.

Көрме экспозициясында Астананың бүгінгі ғұмырына тиесілі жәдігерлері де қаз-қатар тізілген. Оның басым бөлігін ресми шет ел делегациялары қалаға тарту еткен сыйлықтары мен кәделері құрайды. Сондай-ақ көрмеге қойылған елордадағы болашақ ғимараттардың макет сұлбалары қала тұрғындарын ерекше қызықтырды.

Экспозиция сонымен қатар, өлкенің тарихи жолын баяндайтын кітаптармен толықтырылған. Көрменің кітап бөлігі «Астана шежіресі», «Елбасы сызған сәулетін» және «Болашаққа құлаш ұрған бас қала» бөлімдеріне бөлінген.

«Елорда күніне арналған көрме - ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен Астана қаласының Мұрағат және құжатнама басқармасының алғашқы бірлескен жобасы. Тарихтың екі ірі сақтаушысы бүгін Астана туралы тарихи кітаптар мен құжаттарды қала тұрғындарының назарына ұсынуда», - деп атап өтті кітапхана директоры Жанна Шаймұхамбетова.