Астанадағы көшелердің біріне және Петропавлдағы жоғары әскери оқу орнына Қожаберген батырдың есімі берілсе екен ? депутат сауалы

АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Астанадағы көшелердің біріне және Петропавлдағы жоғары әскери оқу орнына Қожаберген батырдың есімі берілсе екен, деді бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Жарасбай Сүлейменов,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «360 жылға созылған қазақ-қалмақ соғысының шежіресі болып табылатын «Елім-ай» дастаны туралы білмейтін қазақ жоқ. Арнасы кең бұндай дүниені тек дастан ғана деу аздық етеді. Бұл - бір ғасырлық тарихты саралап, ұлттың сан ғасырлық салт-санасын, мемлекеттік басқару жүйесін бағалап, жүздеген мемлекеттік әскери-саяси қайраткерлерін жеке-жеке даралып, дүбірлеген оқиғалар болған жерлерді аралап жазылған ұлы эпопеялық туынды. «Елім-ай» - шын мәнінде ұлттық сананың биік шыңы, ұлттық сергелдеңге душар болғандағы мұңы, болашаққа құлаш сілтеп қайсар намыс үшін қазақтың ұлттық болмысын жаңғыртуға ұмтылысының қайнар жыры да сыры. «Елім-ай» - ұлтымыздың «Илиада» мен «Одиссеясындай» эпикалық өміршең трагедиясы», деді Ж. Сүлейменов. Оның айтуынша, академик Манаш Қозыбаев «Елім-ай» авторы Қожабергеннің дүлдүл тарихшы екендігін атап көрсеткен. 17 ғасырдың екінші жартысында қазіргі Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы аумағындағы Күлтөбе деген жерде атақты Толыбай сыншының шаңырағында өмірге келіп, 100 жасаған, соның 60 жылын ел тәуелсіздігі үшін күресіп, ат үстінде өткізген Қожаберген - шын мәнінде тарихи тұлға. Қазақтың көп батырларының бірі ғана емес, бірегейі. Ол ширек ғасырға жуық, қазақ, ноғай, қарақалпақ халықтарының біріккен жасағына қолбасшылық жасаған. «Қожаберген - Әз Тәукенің оң қолы болып, Қасым ханның қасқа жолы мен Есім ханның ескі жолы секілді тарихи конституциялық пәрмені бар жеті жарғыны жазған жеті бидің бірі. Өкініштісі сол - қазақ мемлекетінің жаршысы да, жоқтаушысы, өз заманының ұлы шежірешісі болған Қожаберген бабамыз әлі күнге өз дәрежесінде ұлықталмай отыр. Сондықтан да, Астанадағы көшелердің біріне және Петропавлдағы ҚР Ішкі істер министрлігінің жоғары әскери училищесіне Қожаберген есімін беру мәселесін қарауыңызды сұраймын», деді депутат.