Астанадағы «қояндарға» 2 млн теңгенің айыппұлы салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 21-23 шілде аралығында Астанадағы қоғамдық көлікте арнайы рейд өтті. Оған көліктік бақылау департаменті мен жергілікті полиция қызметі қатысты. Негізгі мақсат - жолақы төлемей жүрген жолаушыларды анықтау, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ресми мәліметке сәйкес, үш күннің ішінде 52 адамға айыппұл салынған. Жалпы, жыл басынан бері қоғамдық көлікте жолақы төлеуден бас тартқан 359 адам анықталды. Оларға салынған айыппұлдың көлемі - 1 726 790 теңгені құрады. Бұдан бөлек, аталған тәртіп бұзушылықтарға жол берген 130 кондуктор 1 563 250 теңгенің айыппұлын төлейтін болды. 

«Астана LRT» қоғаммен байланыс жөніндегі департаментінің директоры Науат Азанбаеваның айтуынша, қазіргі кезде кондукторсыз жүрген автобустар бар. Бірақ арнайы бақылаушылар жолаушының ақыны төлегенін, я төлемегенін тексеріп жүреді.

«Әзірше адамдар аз жүретін бағыттарда кондукторларды алып тастады. Мәселен, 1-ші, 80-ші сияқты маршруттар бар. Ондай автобустарда көлік жүргізушісі өзі-ақ бәріне үлгеріп жатыр. Сосын кез келген аялдамадан желілік бақылау қызметі мініп, жолаушыларды тексеріп отырады. Осы жұмысқа жергілікті полиция қызметкерлері де қатысады. Негізі, жолаушыға картаны өткізе салған тиімді. Себебі бір реттік айыппұлдың көлемі 2 АЕК, яғни 4 810 теңгені құрайды», - деді Н.Азанбаева ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. 

Айта кетейік, Астанадағы қоғамдық көлікте сараланған тарифтер енгізілгелі бері картамен жүретін жолаушылар үшін жолақы бұрынғы күйінше қалды. Ал қолма-қол ақша беретіндер 180 теңге төлейді. Бірақ автобуста электронды картаны сатып алуға болады. Ішінде баланс болмаса да, баратын жерге тегін жетіп алуға мүмкіндік беріледі. Кейбір кондукторлар оны айтпайды, картаны сатса да, үстінен жол жүру ақысы - 180 теңгені де алып қояды.