Бүгін елордадағы Тәуелсіздік сарайында Астананы одан әрі дамыту бойынша өтіп жатқан кеңес барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бас қаладағы қылмыспен күрес мәселесін жандандыруға қатысты тапсырма жүктеді.
«Спорт нысандарының орнына қалада букмекерлік кеңселер, ойын залдары қызу қайнап жатыр. Олардың саны 500-ден асыпты. Сөйтіп, жастар спортпен шұғылданудың орнына әлгі мекемелерде уақытын зая кетіріп жүр. Тіпті бұлардың өзі жас азаматтарды қылмысқа тартудың алғышарты секілді», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысының айтуынша, елордадағы қылмыс деңгейі республикалық деңгейден 1,7 есеге артық. Ал қылмыстың ашылуы ең төмен деңгейде.
«Мен өткен кеңесте Астананың ең тыныш қала болуы тиістігін айтқанмын. Қылмысты ашу бойынша жұмысты жақсарту қажет. Сондықтан да, Ішкі істер министріне қалалық департамент басшысымен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырамын. Мен бүгінгі кеңеске әзірлік барысында үлкен қалаларда бұл салада не істейтінін әдейі қарап шықтым. Бір кездері Нью-Йорк Американың ең криминалды қаласы болған екен. Жаңа мэр, жаңа полиция келді. Сосын олар қалаға тәртіпті ең алдымен, кішігірім қылмыспен күрестен бастады», - дей келе, Елбасы кішігірім қылмыспен күрестің осындай озық тәжірибелерін енгізу қажеттігін айтты.
«Астана қазірше шағындау, аса үлкен емес. Сондықтан, қылмыспен күресті әзірден жандандыру керек. Оған қажеттінің барлығына тікелей министр қолдау жасайды», - деді Н. Назарбаев.