Астанадағы қылмыстың басым бөлігі есірткі айналымымен және адам өлімімен байланысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада орын алатын қылмыстың басым бөлігі есірткі айналымымен және адам өлімімен байланысты. Бұл туралы бүгін Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ерлан Қосмұратов мәлім етті.

Оның атап өтуінше, ағымдағы жылдың 5 айында Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотына 35 тұлғаға қатысты 30 қылмыстық іс түскен. Бұл 2014 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 іске аз.

Барлық қылмыстың 19-ы есірткі заттарының заңсыз айналымымен байланысты болып отыр. Сонымен қатар ҚР ҚК 99 бабы бойынша, яғни адам өлтіру бабымен 12 азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Айта кетерлігі, өткен жылы да, ағымдағы жылы да елімізде өлім жазасы не болмаса өмір бойғы бас бостандығына айыру жазасы тағайындалған жоқ.