Астанадағы қызмет көрсету саласының барлық қызметкерлері бүгіннен бастап вирусқа қарсы маска киюлері керек

АСТАНА.  Шілденің 24-і. ҚазАқпарат  - Халықпен   тікелей  жұмыс істейтін Астана қаласындағы қоғамдық көліктің,    халыққа  қызмет көрсету  орталықтарының,

 сондай-ақ  сауда,  қаржы  және  басқа да сервистік  ұйымдар  мен  кәсіпорындардың  қызметкерлері бүгіннен бастап   маска киюлері керек,  деп   хабарлайды  әкімдіктің баспасөз қызметі.

 Аталған   ұйымдардың  қызметкерлеріне    жеке  гигиеналық   жарақтармен қоса,     вирус  пен оның алдын  алу  шаралары  туралы  жадынамалар   үлестіріледі.

 Әкімдіктің   баспасөз қызметінен   хабарлағандай,  Астана  әкімі   вокзал мен  әуежайдың   өндірістік жайларында,   жолаушылар  көліктерінде    тұрақты  зарарсыздандыру   шараларының  жүргізілуін  бақылауға алуды тапсырды.  Мұндай  шаралар  сауда-ойын-сауық    кешендерінде,  көпшілікке  қызмет көрсетілетін басқа да  орындар  мен сауда нүктелерінде    де   қабылданады.    Аталған    жерлерде  тұрақты  санитарлық   бекеттер  жұмыс істейтін болады.

 Естеріңізге сала кетейік,  шілденің 23-інде Астанада A/H1N1 вирусын жұқтыру күдігімен  6 оқиға тіркелген болатын.  Сырқаттанғандар -  12 мен 15 жастың аралығындағы  балалар,  олар   маусымның  18-і мен   шілденің 19-ы аралығында Ұлыбританияда    оқып келген.   Бүгінгі күнгі жағдай  бойынша,  барлық оқиғадағы диагноз  расталып  отыр.