Астанадағы М. Горький атындағы Орыс драма театры өзінің 110-шы мерейтойлық маусымын ашты

АСТАНА. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанадағы Максим Горький атындағы Орыс драма театры өзінің 110 жылдық мерейтойын атап өтуде.

Орыс драма театры 1899 жылы «драмалық өнерге әуес жұрттың өтініші» бойынша тұңғыш рет Ақмола жерінде негіз қалады. Әуелде қалалық басшылықтың және Кубрин деген көпестің қаржысына салынған театр үйі, кейін Мұхтар Әуезовтің өзі келіп спектакль қойылымдарын қоятын өнер ошағына айналды.

Әр жылдары бұнда «Халық қаһарманы» орденінің кавалері Әзірбайжан Мәмбетов, Қазақ КСР-нің Халық әртісі Е. Орел, Қазақ КСР-нің Еңбек сіңірген әртістері Е. Марусина, С. Групп, Н. Миловидов, А. Ходаев, И. Горошевич, Н. Назарковская, А. Червов, Молдавияның Еңбек сіңірген әртісі Р. Светинская, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты М. Ковалева, ҚР Халық әртісі В. Архипенков ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің кавалері С. Прилуцкая сынды ірі театр майталмандары өнер көрсетті.

Қазір театр репертуарында Н. Гоголь, А. Чехов, Ж. Кокто, А. Вампилов, Н. Птушкина, У. Шекспир, С. Мрожек, Р. Отарбаев және тағы да басқа жазушылардың пьесаларының негізінде жазылған 20-ға тарта спектакль бар.

Бүгін оның 110 жылдық мерейтойына Қазақстанның барлық өңірлерінен театр ұжымдары келіп құттықтау айтты.

«Мен бұл ұжымда ешқашан қызмет істемесем де, бұл театрды бұрыннан білемін. Театр облыстық деңгейлі театр ауқымынан әлдеқайда асып кеткен. Қазір бұл ұжымның танымалдылығы Қазақстан аумағынан тыс жерге шығып, Ресейге тарала бастаған. Мен осында өнер көрсететін менің әріптестеріме қалай қиын екендігін түсінемін. Себебі қаланың қарқынды әрі тамаша даму ритміне ілесу аса ауыр. Сондықтан сәттілік тілеймін!»,-дейді М.Ю.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрының көркемдік жетекшісі Рубен Андреасян.