Астанадағы «Мәңгілік ел» қақпасында шолу алаңы ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Мәңгілік Ел» қақпасында шолу алаңы мен көрме галереясы ашылады. Панорамалық дүрбімен жабдықталған шолу аумағы монументтің үстінде 21,5 метр биіктікте жасалады. Шолу алаңы 2017 жылдың мамыр айынан бастап есігін айқара ашады, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Ерекше қажеттіліктері бар экскурсанттар үшін монументтің ішінде лифт бар, бірақ келушілердің басым бөлігі шолу алаңына қаланың қалыптасуы мен тарихы туралы айтып беретін кәсіпқой гидтармен бірге баспалдақпен көтеріледі.

Сонымен қатар, қалаға көрік беретін жаңа орын «Мәңгілік Ел» қақпасының тұжырымдамасын ашатын Қазақстан тарихы туралы жұмыстарды және тақырыптық роликтерді трансляциялау үшін мультимедиялық құралдармен жабдықталады.

Шолу алаңына баратын жолда орналасқан көрме залының ауданы - 120 шаршы метр. Галерея шетелдік және қазақстандық суретшілердің, қолөнершілердің және сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің өнер туындыларының экспозициясы үшін қолданылмақ, сондай-ақ, мұнда фотокөрмелер өткізіледі.

«Мәңгілік Ел» аркасы ҚР Президентінің бастамасымен 2011 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ашылды.

«Мәңгілік Ел» монументі гранит пен мәрмәрдан жасалды. Қақпа қазақ оюларымен безендірілген. Фасадтардың түбінде ойшыл ақсақалдың, әйел ананың, орта ғасырлардағы батырдың және заманауи жауынгердің қола мүсіндері орнатылған.

Қақпаның бүйір қуысында Қожа Ахмет Яссауи мавзолейіндегі «Тайқазанның» көшірмесі орнатылған. Бұл бірліктің, қонақжайлылықтың және жетістіктің белгісі.

Қақпаның бүйір қабырғалары күрделі қазақ оюларымен өрнектелген, оның жоғарғы бөлігінде қауіптен қорғайтын, сенімділік мен тұрақтылық, жеңіс сыйлайтын қазақ жауынгерлерінің қалқаны орналасқан. Сонымен қатар, рельефті панно монументке ерекше көрік беріп тұр.

Астанада шолу алаңы туристердің қызығушылығын оятып қана қоймай, түлектер мен жас жұбайлар арасында кеңінен белгілі орынға айналуы мүмкін.