«Біз ұйым ретінде өсіп, өркендеп келе жатқандығымызды тағы бір мәрте айтқым келеді. Біздің серіктестігіміз тереңдеп, күшейе түсуде. Ал қызмет түрлеріміз барынша алуан түрлі болып барады. Хабты өңірлік деп атағанымызбен, іс жүзінде ол өңірлік шекарадан тысқары шығып, жаһандық алаңға айналды. Атауы маңызды емес, маңыздысы біздің миссиямыз», - деді ол.
Өңірлік хабтың басқарушы комитетінің төрағасының айтуынша, хабқа институттық және қаржылық қолдау Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ Даму бағдарламасы арасындағы уағдаластық арқылы қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта БҰҰ Даму бағдарламасымен ынтымақтастықты тағы да үш жылға кеңейту бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар ол жаһандану мен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мемлекеттік қызметті дамытуда жаңа сынақтар туындатып отырғандығын да баса айтып өтті.
«Түптеп келгенде мемлекеттік органдар квазибәсекелестік ортада жұмыс істей бастады. Осындай жағдайда бүгінгідей әріптестік алдағы сынақтарға лайықты жауап іздеуде маңызды құрал болмақ», - деді Бәйменов.
Конфедерция барысында БҰҰ Бас хатшысының Оңтүстік-Оңтүстік ынтымақтастығы жөніндегі уәкілі Хорхе Чедиек, БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Норимаса Шимомура сөз сөйлеп, астана өңірлік хабының жұмысына жоғары баға берді.