Астанадағы Мирзоян және Петров көшелеріндегі үйлерде сумен жабдықтау қалпына келтірілді

АСТАНА. Тамыздың 25-і. ҚазАқпарат - Сейсенбі, тамыздың 24-інде елорданың Алматы ауданында Мирзоян және Петров көшелерінде дүйсенбі күні сусыз қалған бірнеше үйдің сумен жабдықтау жүйесі қалпына келтірілді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Жол жөндеу жұмыстары жүріп жатқан Мирзоян және Мұңайтпасов көшелерінің қиылысында дүйсенбі, тамыздың 23-і күні сағат 17.50 шамасында диаметрі 250 мм құбыр жарылғанын ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлаған болатын. Нәтижесінде Мирзоян және Петров көшелерінде 12 үйдің тұрғындары сусыз қалды. Төтенше оқиғаның салдарын жоюға «Астана су арнасы» кәсіпорнының 10 жұмысшысы мен 4 арнайы техникасы жұмылдырылды.

Естеріңізге сала кетейік, Қажымұқан Мұңайтпасов көшесінің бойымен Тәуелсіздік даңғылынан Абылайхан даңғылына дейінгі аралықта жол жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, көлік қозғалысы шілденің 16-сы мен қазанның 15-іне дейінгі аралықта толық шектеліп отыр.