«Біз тамыз кеңесін жақсы әрі қуанышты жаңалықпен бастағалы отырмыз. Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің бағдарламасы алғаш рет авторизациядан өткен еді. Бұл мектеп осылайша тұңғыш рет CIS (Халықаралық мектептер кеңесінің) халықаралық аккредиттеуінен өтті. Бұл біздің негізгі бағыттарымыздың бірі болатын. Ендігі міндет келесі жылдың аяғына дейін тағы да республикамыздағы 15 Назарбаев Зияткерлік мектебін халықаралық аккредиттеуден өткізу. Ал Астанадағы білім нысаны - бұл біздің алғашқы қарлығашымыз. Бұл біздің мұғалімдердің ғана емес, оқушыларымыз бен ата-аналар комитетінің бірлескен жұмысының жемісі», - деді К. Шәмшидинова.
Айта кетерлігі, Назарбаев Зияткерлік мектебінде өтіп жатқан тамыз кеңесі «Зияткерлік көшбасшылық: дамудың тұрақтылық негізі» тақырыбында өтуде. Алқа мәжілісі онлайн-бейне көрсетілім арқылы таралып, оған 2 мыңнан астам қызметкерлер қатысты.
Халықаралық мектептер кеңесі (CIS) - мектептерді аккредиттеумен және білім берудің жетекші әдістемелерін дайындаумен айналысатын халықаралық білім беру жүйесіндегі ұйым. CIS - бұл әлемнің 112 мемлекетінде 697 мектеп пен 508 университеттер мен колледждерді қамтып отырған коммерциялық емес халықаралық қауымдастық ұйымы. CIS әлемнің 50 үздік университеттерімен ынтымақтасады.