Бұл туралы Республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігі хабарлап отыр.
Елбасының қолдауымен және Астана қаласы әкімінің шешімі бойынша Астана қаласына алыс және жақын шетелдерден қоныс аударған ағайындардың баспаналы болуы үшін Сарыарқа ауданы, Көктал кенті аумағынан азқабатты тұрғын үй кешенін салуға жер телімі бөлінген болатын.
Осы шешімге сәйкес тұрғын үй кешенінің бас жоспары бекітілген болатын. Кешенде бой көтеретін әрбір объектінің эскиздік жобалары дайындалып, бектілген. Кешен аумағы қоршалып, электр жүйесі тартылған.
Қала әкімінің 2010 жылғы 9 маусымдағы №37-502П Шешімі бойынша тұрғын үй кешенінің бірінші кезеңінің құрылыс жұмыстарын жүргізуге рұқсат беріліп, ағайындардың өз күштерімен жеке тұрғын үй салу жұмысы басталған болатын. Бүгінгі күні оралман ағайындар тұрғын үйлерін бекітілген жобаға сәйкес салып, қоныстана бастады.
«Бұл тәуелсіз Қазақ елінің тыныштығы мен Елбасының тұрғын үй және көші-қон саласындағы сарабдал саясатының жемісі, Астана қаласы әкімінің үлкен қолдауы. Қоныс тепкен ағайынның алғыс-тілегі осы», - дейді шараны ұйымдастырушылар.
Шараның бастапқы бөлімінде «Асар» қоғамдық бірлестігі кеңсесінде «Нұрбесік» тұрғын үй кешені жоспарымен, атқарылған істермен қысқаша таныстыру, сосын «Нұрбесік» тұрғындарымен жүздесіп, олардың тыныс-тіршілігімен танысу жоспарланып отыр.