Аталмыш іс-шара қазақ мемлекетінің құрылу және даму тарихын дәріптеу, Қазақстан тарихына белгілі тұлғалардың қосқан үлесін көрсету және жастарға патриоттық тәрбие беруге бағытталған.
Қойылымның режиссері Қ. Қуанышбаев театрының директоры, бас режиссері Болат Ұзақов, сценарий авторы белгілі жазушы, драматург Думан Рамазан. "Бір сағатқа созылатын көріністе біз Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандардан бастап, соңғы хан Кенесарыға дейінгі аралықты қамтуға тырыстық. Осы екі аралықтағы ірі істерімен ерекше аталатын Әз Тәуке, Абылай сынды хандарды да қойылымға енгіздік. Қойылымдардың арасында әр дәуірдің Асан Қайғы, Қазтуған, Бұхар сынды жырауларын да енгіздік. Жалпы дайындық жұмыстары төрт ай бойы жүргізілді", - деп атап өтті Б. Ұзақов. Қойылым барысында көрермендер бес қаруын асынған қазақ батырларының жекпе-жегін тамашалап, астындағы тұлпарын тік шапшытқан шабандоздардың өнерін көрді.