Астанадағы ойын-сауық орталығында өрттен қорғанудың тәсілдері түсіндірілді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордадағы «Хан Шатыр» СОСО-да балаларды төтенше жағдайлар қорғауға арналған «Бізбен бірге» атты қайырымдылық іс-шарасы ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, бұл шараны Астананың ІІД Жергілікті полиция қызметі, Төтенше жағдайлар департаментімен, Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен, Қызыл Жарты ай қоғамының Астана филиалымен бірлесе өткізді.
   

«Астана әкімдігінің «Біз қауіпсіз қаланы қалаймыз» жобасы аясында ұйымдастырдық. Осы қайырымдылық акциясына қаладағы бірқатар мектептердің оқушылары қатысты. Осы орайда төтенше жағдайлар, жол-көлік оқиғалары және басқа да қатерлі жағдайлар кезінде дұрыс әрекет етудің қыр-сырын үйретеміз. Шара барысында жол ережесін қатаң сақтау тақырыбына да айрықша екпін қойып отырмыз», - деді Жергілікті полиция қызметінің инспекторы Айымгүл Балеева.
 

Оның сөзіне қарағанда, 2017 жылы қала аумағында орын алған 88 жол-көлік оқиғасында балалардың болғандығы тіркелген. Соның салдарынан 8 бүлдіршін көз жұмды.
 

«Көбінесе жүргізушілер жолдағы ережені сақтамайтыны белгілі, соның ішінде жылдамдықты асыру жағдайлары қауіпті болып отыр. Мұнымен қоса, жаяу жүргіншілер жолағында қайғылы оқиғалар тіркеліп жатады. Балалар мектептен шыққаннан кейін, көбіне осындай жолақтар арқылы жолды қиып өтеді. Сонымен қатар жүргізушілер ұялы телефонын қолына ұстаған кезде жолда қауіпті жағдай тудырады», - деді А. Балеева.
 

Оның айтуынша, өткен жылы иіс тиюден уланудың 31 фактісі, тоққа түсудің 10 фактісі (оның біреуінде бала көз жұмды) анықталған, сондай-ақ өрт жағдайы бойынша бір баланың өмірі қиылған.