Астанадағы пәтер бағасы инфляция деңгейінен асып барады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қаңтарда Астана бойынша пәтер бағасының орташа деңгейі шаршы метріне 2123 долларды құраған, бұл шамамен 327 900 теңге. Өткен айға қарағанда әрбір шаршы метр 23 долларға немесе 1,1 пайызға қымбаттаған. Құны жоғары пәтерлердің бағасы шаршы метріне 2602 долларды құрап отыр. Оның өсімі шамамен - 0,5 пайыз, деп хабарлайды Forbes.kz.

Елорданың сол жағалауы немесе Есіл ауданындағы пәтерлердің орташа бағасы $2601/ш.м (401 700 тг/ш.м) жеткен. Бұл жоғарыда айтылған пәтерлердің орташа құнынан 23 пайызға жоғары. Керісінше, қаланың оң жағалауындағы пәтерлердің құны $2017/ш.м (309 600 тг/ш.м) деңгейінде тіркелген. Бұл орташа қалалық деңгейден 6 пайызға кем.

Ал қаладағы ең қымбат ТОП-10 тұрғын үй кешеніне келетін болсақ, оларға мына үйлер кірген: «Europe Palace», «Нұрсая», «Престиж», «ЦМТ - Халықаралық сауда орталығы», «Сулы-жасыл бульвар», «Ағылшын кварталы», «Қалалық романс», «Париж кварталы» және «Хайвил Астана» енді. Олардың бағасы орташа есеппен $3640-5460/ш.м аралығында.

Егер Статистика агенттігінің деректері бойынша Астанада орташа жалақы 156 814 теңге болатын болса, 30 шаршы метрлік эконом санатындағы пәтерді алуға 7 жыл 4 ай кетеді. 307 669 теңге жалақы алатын қаржы және сақтандыру қызметінің жұмысшылары дәл сондай пәтерге 3 жыл 9 ай жинайды екен. Элит санатындағы 45 шаршы метрлік үйді алу үшін 7 жыл 8 ай бойы тер төкпек. Жалақылары ең төмен болып саналатын әкімшілік және көмекші қызмет көрсету саласының қызметкерлері, ай сайын 88 234 теңге алады. Олар 30 шаршы метрлік пәтерге 13 жыл сарп етсе, элиталы пәтерге 26 жыл 7 ай бойы қаражат жинайды.