Астанадағы Политехникалық колледж халықаралық аккредиттеуден сәтті өтті

АСТАНА. Маусымның 11-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанадағы Политехникалық колледж «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану» мамандығы бойынша халықаралық аккредиттеуден өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ресей Федерациясының білім сапасын қоғамдық бақылау және мансаптық даму агенттігі (Мәскеу) Қазақстандағы оқу орнының оқу-әдістемелік, материалдық-техникалық базасын және оқытушылар құрамының біліктілігін, түлектердің еңбек нарығындағы қажеттілігін ескере отырып, оның халықаралық білім стандарттарына сәйкес екендігін қуаттады.

«Политехникалық колледж -құрылыс салу мамандығы бойынша мамандар даярлайтын Қазақстан аумағында халықаралық мойындауға ие болған ең бірінші оқу орны болып табылады», дейді Техникалық және кәсіптік білім департаменті бастығының орынбасары Алма Муйтунова.

Халықаралық агенттіктің бас директоры Алексей Белокоптовтың айтуынша, аккредиттеуден өту өтініштерін Ресей және Қазақстанның 40-қа жуық оқу орындары берген. Олардың тек үшеуі ғана әлемдік сапа талаптарына сай деп табылды.