17:58, 19 Наурыз 2009
Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында «Наурыз шашуы» атты театрландырылған концерт өтеді
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Сайлау Абылаев/ – Ұлыстың ұлы күнінде, наурыздың 22-сінде Астанадағы Президенттік мәдениет орталығында «Наурыз шашуы» атты театрландырылған концерт өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Орталықтың баспасөз хатшысы Гүлжаһан Отардың айтуынша, Шығыс халықтарына ортақ ұлы мерекеге арналған бұл шарада қазақ халқының мәдениеті мен өнері, әдет-ғұрып, салт-дәстүрі кеңінен көрсетіледі.Театрландырылған қойылымның режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылханұлы, композиторы ? Қазақстанның мәдениет қайраткері Ермұрат Үсенов. Алдар көсе, Тазша бала, Қожанасыр, Қызыр ата сияқты халықтық аңыз кейіпкерлерін бейнелейтін көпшілік көріністерге Ұлттық дәстүрлер театрының әртістері мен орталықтың қызметкерлері қатысады. «Наурыз шашуы» мерекесіне қоғам және мәдениет қайраткерлері, республикалық БАҚ өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтар шақырылып отыр. Олардың арасында Түркия Республикасынан Гиннестің рекордтар кітабына енген өнер қайраткері Ферхат Дурмуш бар.