Астанадағы реттелмеген жаяу жүргіншілер жолына 57 бағдаршам орнатылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында 2018 жылдың соңына дейін барлық 105 реттелмеген жаяу жүргіншілер жолының 17-сі жойылып, қалғанына бағдаршам орнатылмақ, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қазіргі уақытта Астана қаласында 105 реттелмеген жаяу жүргіншілер жолы бар. Жылдың соңына дейін 57 учаскеге бағдаршам орнатылады. Сонымен бірге, 105-тің ішіндегі 17-сі алынып тасталып, қалғандарына дыбыс беру жолағы орнатылады. Бұған қоса жаяу жүргіншілер жолдары жарықтандырылып, қажетті орындарға қоршау орнатылады», - деді ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы Жол-техникалық инспекция бөлімінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бақытжан Алтыбай.

Оның айтуынша, ең бірінші кезекте әуежайға барар тұстағы Қабанбай батыр көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолына бағдаршам орнатылмақ.

Жалпы, Астана қалалық ІІД келтірген мәліметке сәйкес, бүгінгі таңда қаланың көше-желілерінің жалпы ұзындығы 1146,6 шақырымды құрайды. 2017 жылы полиция қызметкерлері қала ішінде 320 рет тексеру өткізіп, Астана қаласындағы Жолаушылар көлігі мен автокөлік жолдары басқармасына, аудан әкімдіктеріне және басқа да мүдделі органдарға 422 ұйғарым берілген.