Астанадағы Rixos Румыния журналистерінен шындықты талап етеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Rixos President Astana бес жұлдызды қонақүйі Румынияның бұқаралық ақпарат құралдарына румын футболшыларын тонап кетті деген ақпаратты жоққа шығару үшін өз талаптарын жібереді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізде болса, Румыияның Бұқаралық ақпарат құралдарына сілтеме жасай отырып, Астанада румын футболшыларын тонап кетті деген ақпарат таратқан едік. Бұл ақпаратты Астана қалалық Ішкі істер департаменті растады. Риксос қонақүйінің әкімшілігі ұрлық фактісі бойынша полиция шақырған. Бірақ, полиция келгенде шетелдік футболшылар арыз жазудан бас тартқан. Бүгін журналистерге брифинг өткізген бес жұлдызды қонақүйдің бас менеджері Тансель Терджан Румыния футбол федерациясынан келген ресми жауапты мәлім етті.

Ең қызығы, Румыния футбол құрамасы ресми хатта Риксос қонақүйіне көрсеткен қонақжайлығы үшін алғыс айтып, ондағы қауіпсіздік пен қызмет көрсету деңгейіне еш кінә артпайтынын айтыпты. Тансель Терджан бұл ресми жауапты оқыған соң, бейнебақылау камераларды бақылай отырып, құқық қорғаушылармен бірге жүргізген тексерудің нәтижесін баяндап берді.

«Румын футболшылары жатқан бөлмелерге футболшылардың өздерінен басқа ешкім кірмеген. Бұны бейнебақылау камерасындағы жазбадан анық көруге болады. Румынияның футбол федерациясынан келген жауапта олар, яғни федерация өз еліндегі БАҚ-қа ұрлық туралы ақпарат айтпағанын жеткізіп отыр. Бірақ, Румынияның кейбір бұқаралық ақпарат құралдарына ұрлық болды деген жалған ақпарат қайдан жеткені белгісіз. Сондықтан, біз қонақүйіміздің, жалпы, Қазақстанның абыройына нұқсан келтірмеу үшін Румынияның сол бұқаралық ақпарат құралдарына ресми сауал жолдап,  ұрлық туралы фактіні жоққа шығаруды талап етеміз»,-деді Т.Терджан.

Ал, қонақүйдің сату бөлімін басқарып отырған Руслан Цзидің айтуынша, румын футболшыларына бар жағдай жасалған екен. Румыния құрамасының жігіттеріне қонақүйдің екі қабаты түгел тапсырылып, оған тек жеке карточкасы бар адамдар кіре алатын болған.

«Ұрлық туралы факт айтылған күні, яғни, 11 қазан күні ол бөлмелерге ешкім кірмеген, тек сол қабаттағы бөлмелердің біріне қонақүйде алты жылдан бері қызмет ететін тазалықшы келіншек кірген. Румын футболшылары бес бөлме тоналды деп айтқан, бірақ, тазалықшы келіншектің ол бес бөлмеге де кіретін карточкасы жоқ еді.  Құқық қорғаушылар ол келіншекті де жауапқа тартты, ол бейнебақылау камерасында жазылған іс-қимылын түгел айтып берді. Румын футболшылары арыз жазудан бас тартты, яғни, бір гәп бар. Біз әрине олардың жалған ақпарат таратуына не себеп болғанын болжай алмаймыз. Бірақ, біздің қонақүйде олардың бірде бір заты, ақшасы, жоғалмағанын дәлелдедік»,-дейді Р.Цзи.

Айта кетейік, 11 қазан күні «Астана Арена» стадионында ӘЧ-2018 іріктеу турында Қазақстан футбол құрамасымен ойнаған Румыния футболшылары сол күні түсте жаттығуға кеткен кезде «Риксос» қонақүйіндегі бөлмелерінен жеке заттары жоғалғанын өз елінің журналистеріне жеткізген. Ал, Румынияның БАҚ-тары фактіні тексерместен, жалған ақпарат жазып жіберген. Ойын есебі - 0:0. Румыния құрамасы қазақстандықтардың дөрекі ойынына наразылық танытып, алаң иелері тарапынан болған әдепсіздіктерді елемеген төрешілерге де бірқатар сындар айтқан еді.