1957 жылы іргесі қаланған С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті - еліміздегі ең ірі жоғары оқу орындарының бірі. Аталмыш мерейтойға орай, ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов оқу орнының ұжымына және студенттеріне өзінің құттықтауын жолдады.
«Құрамында 68 ғылым докторы, 286 ғылым кандидаты, 47 профессоры бар оқытушылар коллективі жоғары білікті мамандар даярлау ісінде жемісті қызмет етуде. Білім және ғылым саласындағы әлемдік тәжірибеде бар озық инновацияларды ұтымды пайдалануда. Университет еліміздегі білім беру саласында алғашқы қатардан көрінуде. Университет ұжымына, ұстаздар мен студенттерге, зор денсаулық, аграрлық ғылым мен білімді дамыту жолында жасап жатқан еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін!», - делінген ҚР Премьер-Министрдің құттықтауында.
Біліктілігі жоғары профессорлық-оқытушылар құрамымен қатар, университеттің материалдық-техникалық және ғылыми кешені ерекше мықты. Қазір мұнда 5 ғылыми-зерттеу орталығы мен конструкторлық бюро құрылған. Университет «Астана қаласы жастарының бірлігі апталығы» және «Студенттік көктем» фестивальдары аясында бірнеше жыл қатарынан «Үздік астаналық жоғары оқу орны» дәрежесін сақтап келеді.
Салтанатты шараның ашылуында университет ректоры Ақылбек Күрішбаев, ҚазАТУ еліміздің аграрлық саласының қалыптасуына баға жетпес үлес қосқандығын ерекше атап өтті. «55 жыл ішінде біздің университетте 56 мыңнан астам маман дайындалды. Олардың ішінде мемлекеттік, ғылыми қайраткерлер, ірі кәсіпорындардың басшылары, ғылым, бизнес саласында қызмет етіп жүрген азаматтар аз емес», - деді А.Күрішбаев.