Астанадағы С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-да тұңғыш рет «Амал» мерекесі өтеді

АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - 2012 жылғы 14 наурызда  тұңғыш рет Астана қаласының жоғары оқу орындарында оқитын еліміздің Батыс өңірінің студенттері С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-ға жиналып, «Амал» мерекесін атап өтеді, деп хабарлады жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.

Шараға қонақ ретінде белгілі ақын Фариза Оңғарсынова қатыспақ.

Қазақстанның Батыс өңірінде Наурыз мейрамы «Амал» деп аталатын мерекемен басталады. 14 наурыз күні ойдағы ел қырдағы елмен араласып, бір-бірімен көріседі. 14 наурыз халық арасында айдың бірінші жаңасы болып есептелген. Мұны кейде халық арасында «көрісу күні» деп те атайды. Қыстан қалған сүр ет қазанға салынып, наурыз көже пісіріледі. Мереке соңы көңілді думанға жалғасады. Үлкендерге арнайы сәлем берген жастарға қарттар «Жас құтты болсын!» айтысады.

Халқымыздың осы дәстүрі елордада алғаш рет Қазақ агротехникалық университетінің агрономия факультетінде салтанатпен өткелі отыр.