Астанадағы С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-ға жаңадан қабылданған 3 мыңнан астам студент оқуларына кірісті

ТАНА. 1 қыркүйек. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Бүгін Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті оқуға жаңадан қабылданған 3 мыңнан астам студентке есігін айқара ашты.

Ойлары сан тараптан тоғысқан мыңдаған студент өмірлік жолдарын таңдады, болашақ мамандығына қадам басты. Университет табалдырығын алғаш аттағалы отырған студенттерді салтанатты жиында дәстүр бойынша оқу орнының ректоры Айтбай Бұлашев құттықтап, ақ тілегін білдірді. Сондай-ақ, дағдылы үрдіспен арманы зор, жаны жайдары жас студенттерге тәрбие мен ілім көзін ұштастырып, барын бағамдайтын университет әкімшілігі мен өнер, мәдениет, спорт сынды қоғамның әр саласында жүрген белсенді жоғары курс студенттері таныстырылды.

С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ бүгінгі білім күнінде әннен жыр төгіп, би мен күй, әзіл-оспағымен мерекелік сән-салтанат құрып, болашақ мамандардың кезекті 53-інші легін салтанатты жағдайда қабылдады. Елорданың тұңғыш шаңырағы еңбек майданына кәсіби білік иелерін даярлауда аянып қалмасы сөзсіз.

Биыл оқу ордасы жаңа оқу жылына жалпы есепте 3 136 студент қабылдады. Оның 2 437-сі күндізгі, 699-ы сырттай оқу бөлімдеріне түсті. Магистратураға қабылданған 158 адамның 75-і мемлекеттік грант иегерлері болып табылады. Онымен бірге, университет жаңа оқу жылын ғылыми әлеуеті кеңи түскен профессорлық-оқытушылар құрамымен қарсы алды. 31 тамыз күні ЖОО-да өткен Ғылыми кеңес барысында екі профессор, екі ғылым докторы, төрт доцент пен он алты ғылым кандидатының аттестаттары мен дипломдары табыс етілді. Университеттің 2011-2015 жылдарға арналған Даму бағдарламасында ғылыми әлеует дәрежесін 50 пайыздан асыру жоспарланған болатын. Дегенмен, бағдарламаның алғашқы кезеңін құрайтын биылғы оқу жылының өзінде көрсеткіш көңіл толарлық сипатқа ие болды.

Айта кетейік, ЖОО базасында былтыр ашылған «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» колледжі талапкерлерді қабылдауды биыл да жүргізді. Олардың саны алғашқы оқу жылында 142 болса, биыл 298-ді құрады. Колледж түлектері өз мамандықтары бойынша аталмыш университетке емтихансыз қабылданады және де магистратура, РhD докторантура бағдарламаларын жалғастыруға мүмкіндіктері бар.