Астанадағы синагога жайлы не білеміз

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2004 жылы Қазақстан астанасында Бейт Рахель атындағы Орталық Азиядағы ең үлкен синагога ашылған болатын. ҚазАқпарат 14-15 қыркүйекте өтетін Дәстүрлі және әлемдік діндер лидерлерінің VII съезі қарсаңында аталған мінәжат үйі туралы фоторепортаж ұсынады.

Бізді раввиннің қақпасынан раввиннің хатшысы Ингрид Иллензейер күітп алды.

Раввиннің өзі отбасымен сыртта жүрген болып шықты. Хатшының айтуынша, синагогаға адамдар ең көп жиналатын күн – жұма. Әр жұманың кешінде, күн батқан кезде «шабат» басталады. Жұманың кешінен басталған «шабат» сенбі күні күн ұясына қонғанға дейін жалғасады.

«Шабат» күні синагогада раввин бастаған діндар адамдар құлшылығын жасап, дұғаларын оқиды. Ерлер мен әйелдердің дұға оқитын залы бөлек-бөлек жабдықталған.

Бірінші қабатта орналасқан ерлердің құлшылық залында пішіні стандартты үстелден ерекше шағын үстелдер бірінші назарға ілігеді.

Залдың қабырғасында айнала кітап сөрелері жабдықталған. Ол сөрелерден діни кітаптың түр-түрін табуға болады.

Ғимараттың қабырғалары көне діни суреттермен, ритуалдық нышандармен көмкерілген.

Әйелдердің құлшылық залы екінші қабатта орналасқан. Бұл залдың аумағы ерлердің залынан әлдеқайда тар. Екі залдың арасын күмбез түріндегі бос кеңістік алып тұр.

«Синагогаға тұрмыстағы әйелдер орамал тағып келуі міндетті. Ал тұрмыс құрмаған қыздарға ондай шектеу жоқ»,- дейді Ингрид Иллензейер.

Ғимаратта құлшылық залынан бөлек отбасылық түнемелер бар. «Шабат» кезінде электр жарығын пайдаланбау керек. Ал тамақты алдын ала әзірлеп қояды. Өйткені шабат кезінде тамақ істеуге де болмайды. Тіпті көлікпен жүруге де рұқсат жоқ. Синагогаға келгендер үйіне жаяу қайтады немесе синагогада түнеп қалады. Түнемелер сондай діндарлар үшін қарастырылған.

Раввиннің отбасы да осы синагогада өмір сүреді. Ингрид Иллензейер жертөледен орын тепкен асханадағы футбол үстелін раввиннің балаларына тиесілі деп түсіндірді. Ал асханадан ғимарат қызметішілерінен бөлек «шабат» кезінде құлшылық етуге келгендер де тамақтанады.

Синагоганың штаттында бес адам бар.

«Олардың бәрі дінді қабылдауы міндетті емес», - дейді Раввиннің хатшысы.

Нұр-Сұлтан қаласында синагогаға келіп, тұрақты құлшылық жасайтын 60-тай отбасы бар.