Астанадағы Сот актілерін орындау департаменті қызметкері жауапкершілікке тартылды

АСТАНА. 6 қараша. ҚазАқпарат -   Астана қаласы «Есіл» аудандық прокуратурасы қалалық Сот актілерін орындау департаменті қызметін тексеру барысында азаматтардың өтініштерін тиісінше қарамау фактілерін анықтады. Бұл туралы Астана қалалық прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарланды.

Атап айтқанда, Астана қаласы Сот актілерін орындау департаменті мүлікті мемлекет кірісіне өндіру бөлімінің бастығы С. Акжамбаев «Заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» ҚР Заңының талаптарын бұзып, «Импаир» ЖШС директоры В. Безруковтың арызын қарау мерзімін екі мәрте бұза отырып қараған. Ал «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңға сәйкес жеке және заңды тұлғалардың арыз-өтiнiштерiн қараудың және өз құзыретiне кiретiн өзге де мәселелердi шешудiң заңда белгiленген тәртiбiн әлденеше рет бұзу сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызатын құқық бұзушылық болып табылады.

Осыған орай, аталған факт бойынша аудан прокуратурасы бөлім бастығына қатысты сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы қаулы шығарды.

Сонымен бірге, Астана қаласының Сот актілерін орындау департаменті бастығының міндетін атқарушы Е.Баймағамбетовтің 2012 жылғы 23 қазандағы бұйрығымен бөлім бастығы «қызметін төмендету» түріндегі тәртіптік жазаға тартылған.