Астанадағы сот орындаушылары алкоголь өнімдерін заңсыз сатып келген - Қаржы полициясы

АСТАНА. 23 қыркүйек. ҚазАқпарат - Астана қаласы бойынша Қаржы полициясы департаменті елорданың Сот актілерін орындау департаментінің қызметкерлері - Өсербаев пен Мүсірәліге қатысты қызметтік өкілеттігін теріс пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.

Олар тәркіленген алкоголь өнімдерін заңсыз сатып келген. Бүгінде аталған сот орындаушыларына алкоголь өнімдерін заңсыз сатып, ел бюджетіне 2,5 млн.теңге көлемінде шығын келтірді деген айып тағылып отыр. Істі тергеу барысында олардың басқа да осы іспетті қылмыстарға қатысты болғаны анықталды. Сондықтан Астана қаласы бойынша қаржы полициясы департаменті Өсербаев пен Мүсірәліге қатысты қосымша 16 қылмыстық іс қозғады. Ресми ақпаратқа сәйкес, оларға 13 жеке кәсіпкер мен екі кәсіпорыннан тәркіленген жалпы құны 2,8 млн.теңгені құрайтын алкоголь өнімдерін заңсыз сатты деген айып тағылды.