Астанадағы су құбырларының 47 пайызы тозған

АСТАНА. Наурыздың 25-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанадағы су құбырларының 47 пайызы тозған. Бұл туралы бүгін табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінде «Астана су арнасы» МКК-нің нормативтік шығындарын бекітуге арналған қоғамдық тыңдау барысында кәсіпорын басшысы Уәлихан Досаев мәлім етті,

деп хабарлады ҚазАқпарат.

У. Досаевтың айтуынша, жылу желілерінің энергия сақтауға бейімделмегендігі, қаладағы құбырлардың ескіруі су тарифтерінің құнына қатты әсер етеді.

Биылғы берген өтінімде аталмыш кәсіпорын техникалық шығын көлемін азайтып, оны 22,45 пайыз деңгейінде бекітуді сұрап отыр. Былтыр бұл кәсіпорынның техникалық шығын деңгейі 23 пайыз көлемінде бекітілген болатын.

Қоғамдық тыңдау форматында өткізілген жиынға қала тұрғындары, қоғамдық ұйымдардың және «Нұр Отан» ХДП-ның өкілдері қатысты.

ТМРА Астана қаласы бойынша департаменті бастығының міндетін атқарушы Асқар Ермағамбетовтің айтуынша, бүгінгі күні Агенттік энергоүнемдеу, соның ішінде техникалық шығындарды азайту бағытында жұмыстар атқаруда.