Астанадағы ТМД зиялы қауым өкілдерінің форумында сарапшылар төзімділік мәселелеріне ерекше мән берді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы ТМД-ға қатысушы елдердің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінің оныншы форумында Достастық елдерінің сарапшылары халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге ерекше мән берді. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ТМД Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қоры басқарма төрағасы, Ресейдегі Әзербайжанның елшісі Полад Бюльбюль оғлы мәлім етті.

«Бүгінде әлемнің бірқатар жерлерінде тыныштықтың берекесі кеткенін барлығы біледі. Бұл оқиғалар бізден алыс емес елдерде болып жатыр. Сондықтан да түрлі елдерден келген сарапшылар өзара пікір алмасып, өз бойында толеранттылықты, төзімділікті қалыптастыруы өте маңызды. Осы форум жаңа идеяларды талқылап, оларды алға жылжыту үшін, қарым-қатынастарды тереңдету тұрғысында жақсы алаң болып отыр», - деді Полад Бюльбюль оғлы. Сонымен қатар ол Целиноград кезінде осында болғанын айта келе: «Кейіннен бұл қала Астана атанды. Кезіндегі шағын қаладан, жазықта бұндай тамаша шаһардың салынғанына таңданып отырмын. Осында көркем сәулеттік ғимараттар тұрғызылғанын байқадым», - деді елші. Бұдан бұрын хабарланғандай, Астанадағы Ұлттық музейде ТМД-ға қатысушы елдердің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінің Х форумы жұмысын бастады. Форумға Достастық мемлекеттерінен 200-ге жуық делегаттар шықырылды. Биылғы бұл шара «Достастықтың гуманитарлық кеңістігі: ортақ құндылықтар мен мәдениеттер диалогы» тақырыбына арналып отыр.