Астанадағы төбелес: Хирамагомедов ММА орынбасарын ағасымен бірге ұрған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өткен Fight Nights Global чемпионатынан кейін ресейлік спортшы Гаджимұрад Хирамагомедов өзінің туған ағасымен бірге РФ ММА-ның вице-президенті Радмир Габдуллин жатқан қонақ үйге барып, бас төрешіні соққыға жыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Ресей Федерациясының екі азаматы бұзақылық әрекеті үшін жауапқа тартылды. Оларға қатысты әкімшілік xаттама рәсімделіп, әрбіреуі 10 АЕК (22 690 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді", - дейді Астана қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Софья Қылышбекова.

Ал ресейлік LifeNews сайтының ақпаратына сәйкес, Хирамагомедовтың жанында оның ағасы болған. Аталған ресурста Радмир Габидуллин жатқан қонақ үйіндегі бейнебақылаудың бір үзіндісі жарияланды. Онда ағайынды Гаджимұрад пен Гамзат Храмагомедовтарға ұқсайтын екі адамның бөлмеге кіріп бара жатқаны анық көрініп тұр.

Айта кетейік, жақында Астана қаласында өткен Fight Nights Global чемпионатында Хирамагомедов қазақстандық спортшы Георгий Кичигинге қарсы шыққан болатын. Жекпе-жектің қорытындысы бойынша Кичигин Fight Nights чемпионы атанды. Алайда қазақстандық спортшы өз қарсыласын айқын басымдықпен жеңе алмады. Оған қоса, өз ұпайларын Хирамагомедовке берген төрешілер де табылды. Ал жекпе-жектен кейін ресейлік спортшы мен Ресей ММА одағының вице-президенті Радмир Габдуллиннің арасында жанжал туындады. Сол кезде бас төреші қатты жарақат алды. Хирамагомедов оны қазақстандық боксшыға болысты деп айыптаған. Габдуллин Мәскеуге ұшып келген бойда шұғыл түрде ауруxанаға жатқызылды. Оның жақ сүйегі екі жерден сынып, миы шайқалған.