Астанадағы «Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында» жаңа 4 қабатты операциялық блок ғимараты ашылды

АСТАНА. 15 шілде. ҚазАқпарат - «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында бүгін Астанада ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында» министр Салидат Қайырбекованың қатысуымен жаңа 4 қабатты операциялық блок ғимаратының ашылуы болды.

Ғимараттың жалпы ауданы 8 726 м2, ал жобаның құны 2 млрд. 682,18 млн. теңгені құрады, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Жарақаттанушылық қазіргі заманда ең маңызды медициналық-әлеуметтік проблемалардың бірі болып отыр. Қазақстанда ауру-сырқау, уақытша еңбекке қабілетсіздік және өлім-жітім құрылымында жарақаттанушылық екінші орында, ал мүгедектікке алғаш рет шығу бойынша үшінші орында тұр. Елімізде жыл сайын 600 мыңнан астам адам түрлі жарақаттар алады, оның ішінде 22%-ын - балалар, 78%-ын - жасөспірімдер мен ересектер құрайды.

«Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтында» жасалынатын операциялар санының тұрақты түрде артуына байланысты операциялық, жансақтау және қабылдау бөлімдерін кеңейту аса маңызды міндет болды.

Жаңа операциялық блок ғимараты қабылдау-диагностикалық, операциялық, анестезиологиялық, жансақтау және интенсивті терапия, орталық зарарсыздандыру және кір жуу бөлімдерінен тұрады.

Қабылдау-диагностикалық бөлімі жедел және жоспарлы түрде әкелінетін науқастарды қабылдауға, алдын ала диагноз қоюға және емдік көмек көрсетуге арналған.

Операциялық блок іші нақты аумақтарға «стерильді» және «таза» етіп бөлінген. Блокта ауаның ламинарлы ағыны қамтамасыз етілген 9 «таза» операциялық зал бар және ең озық құрал-жабдықтар орнатылған. Оның ішінде микрохирургиялық техника және ірі буындар мен омыртқаға операциялар жасауға арналған эндоскопиялық жабдықтар бар.

Орталық стерильдік бөлім арнаулы жабдықтары бар бір-бірімен өзара байланысты ғимараттар кешенінен тұрады және материалдар мен құрал-жабдықтарды зарарсыздандыруға арналған.

«Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының» жаңа операциялық блогы ірі буындар ауырғанда немесе жарақат алған кезде, омыртқаның туа біткен немесе пайда болған аурулары кезінде жоғары технологиялық көмекке деген қажеттілікті қанағаттандырады. Сонымен қатар, травматологиялық-ортопедиялық ауруларды емдеуде иннновациялық технологияларды ендіруге, жоғары мамандандырылған медициналық көмек сапасын арттыруға және Қазақстан халқының денсаулығын жақсартуға оң ықпал етеді.