Астанадағы тұрғын үй кешені маңында қамыстан өрт шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордалық «Брюссель» тұрғын үй кешені маңындағы қамыстан өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«3 мамыр күні сағат 20:50-де Астана ТЖД Өрт сөндіру бөлімшелері Қайым Мұхамедханов көшесі, 28а мекенжайы бойынша шақыруға шықты. Өрт сөндірушілер келгенде шамамен 400-500 шаршы метр аумақта қамыс пен құрғақ шөптің жанғанын анықтады», - деп жазды елордалық ТЖД.

Мамандар өртті оқшаулай алды.

«Қамыс өрті тоқтатылды, шамамен 1000 шаршы метр аумақ өртеніп кеткен. Оны сөндіруге қалалық ТЖ департаментінің жеке құрамынан 14 адам және 3 техника жұмылдырылды», - деп толықтырды ведомство.