Астанадағы тұрғындардың 70 пайызы сайлауға қатысады

АСТАНА. 29 наурыз. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанадағы тұрғындардың 70 пайызға жуығы президент сайлауына қатысады.

Бұл туралы бүгін ҚР президенттігіне үміткер Н.Ә.Назарбаевтың Астана қалалық қоғамдық штабының кеңейтілген отырысында штаб төрағасы Әмірхан Рақымжанов мәлім етті.

«Біздің сайлауалды «Есіктен есікке» акциямыздың аясында штаб волонтерлері тұрғындар арасында сауалнама жүргізді. Оның нәтижесі көрсеткеніндей, елордадағы сұралған тұрғындардың 70 пайызы президент сайлауында дауыс беретіндіктерін айтқан»,- деді Ә.Рақымжанов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта штабтың үгіт-насихат жұмысы барлық елордалықтарды қамтып үлгерген. Ондағы жедел-насихаттық топтардың, еріктілер мен сенімді өкілдердің қызметі елдегі электоралдық белсенділіктің артуына және тұрғындардың сайлауға қатысуларына себепші болады.

«Қазіргі уақытта қалада 800 мыңға тарта тұрғын болса, оның 300 мыңға жуығы сайлауға қатыса алатын электоратты құрайды. Солардың барлығымен үгіт-насихат жұмысы жасалды. Әрбір көшеде, әрбір үй ауласында халықпен кездесулер өткізіліп, есік алдында мерекелік көңіл-күйдегі түрлі шаралар ұйымдастырылды»,-деді штаб жетекшісі.

Сонымен бірге, оның айтуынша, бүгінгі таңда қаладағы барлық мекемелерде штабтың 584 сенімді өкілі бар. Олардың барлығы өз ұжымдарында үгіт-насихаттық кездесулер өткізген.

«Біздің штабтың негізгі қызметі - «болашақта біз қандай мемлекет, қандай қала боламыз, келешекте Қазақстан халқын не күтіп тұр» деген мәселелерді сайлаушыларға жеткізу»,-деп атап көрсетті Ә. Рақымжанов.