Астанадағы зәулім ғимараттардағы өртті сөндіруді ҚР ТЖМ-нің жаңа тікұшақтары атқаратын болады
Бұл жайында бүгін Астанада ҚР Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко мәлім етті.
Айта кетейік, бүгін «Вертолеты России» компаниясы жасап шығарған екі тікұшақ ҚР ТЖМ-ге тапсырылған болатын.
«Астанада құрылыс қарқынды түрде жүргізіліп жатыр және зәулім ғимараттар пайда болуда. Бұл тікұшақтар ғимараттың сыртқы жағынан кез келген қабаттың деңгейінде өрт сөндіре алады. Осы мүмкіндіктері арқылы осы тікұшақтарға қызығушылық таныттық»,-деді министр.
В. Божконың айтуынша, Ка-32А11ВС үш тонна суды көтере алады. Сонымен қатар ондағы жабдықтардың су ағыны 50 метрге жетеді. Бұдан бөлек тікұшақ медициналық құралдармен толық жабдықталған.
Министр «Вертолеты России» компаниясымен ресейлік тікұшақтардың өндірісін Қазақстанда орналастыру жөніндегі келіссөздерін қазақстандық тарап жалғастыруды көздеп отырғандығын жеткізді.