Астанадағы жалпы қалалық сенбілік 20 қыркүйекте өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімдігі барлық қала тұрғындарын, кәсіпорындар мен ұйымдарын жалпықалалық сенбілікке белсенді түрде қатысуға шақырады, деп хабарлады astana.kz.

20 қыркүйек күні сағат 09.00-да Астанада қала тұрғындарының қатысуымен жыл сайынғы жалпықалалық күзгі сенбілік өткізіледі. Оған қоса қала аумағын абаттандыру, көгалдандыру шаралары да ұйымдастырылады. Қаланың көркіне көрік қосу, тазалығы мен экологиялық жағдайын жақсарту - сенбіліктің басты мақсаты. Сенбілікке 8,5 мыңнан астам ұйымнан 90 мыңнан астам адам қатысады деп жоспарланып отыр. Экологиялық айлық аясында қала аумағын бірнеше мың тонна қоқыстан тазарады. Аудандық әкімдіктер тазалық шарасына қатысушыларды қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді. Сенбілік кезінде жиналған қоқысты шығаруға 460 техника, соның ішінде 280 жүк көлігі, 180 жүк тиегіш жұмылдырылады. Сенбілік күні бірнеше аумақта 4,5 мыңға жуық жас өскін отырғызылады. Жерұйық саябағында ғана 1 мыңнан астам жас тал егу жоспарланып отыр.