Астанадағы жаңа камералар автокөліктерді толық бақылауға алады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаз айларында Астана көшелерінің бойында өзінің ерекше пішінімен көзге түсетін бейнекамералар көптеп орнатылып жатқанын байқауға болады. Осы орайда Астана әкімдігі «ҚазАқпарат» агенттігіне бұл құрылғылар қандай құқықбұзушылықтарды тіркейтіндігі туралы мәлімет берді.

«Қазіргі кезде орнатылып қойған бейнекамералар тестілік режімде жұмыс істеп тұр, сондықтан айыппұл әзірге қарастырылмайды. Бейнебақылау камералары толық жұмыс істей бастаған кезде қала тұрғындарын алдын ала ескертетін боламыз. Бүгінде бейнежазбалар үнемі даму үстіндегі қалаларда тиімділігін әрі қажеттігін көрсетті»,-делінген әкімдік мәліметінде.

Атап айтқанда, бір бағанға осындай камералардың үшеуі немесе төртеуі қатарынан орнатылып жатқаны белгілі. Жалпы, бұл құрылғылар қандай ереже бұзу әрекеттерін бақылайтыны белгілі болды. Астаналық құқық қорғау органдарының байқауынша, бейнебақылаулар жүйесінің қаладағы оперативтік жағдайға, қоғамдық тәртіпті қорғауға және жол қауіпсіздігіне тигізген септігі зор.

Жалпы, бұл құрылғылар нөмірлерді, жылдамдық режімін, жүргізушілерді, автокөлік тоқтайтын жолақты, сондай-ақ автобус жолақтарын қиып өту жағдайларын таспаға басады. Бұдан бөлек, қоқыстарды, темекі тұқылын тастағандарды және тағы да басқа заңбұзушылықтарды электрондық көз тіркеп отыр.
 

«Осы құрылғылардың мүмкіндігімен қала ішінде жүрген автокөліктердің 99 пайызы бойынша ақпарат алу жоспарда бар»,-дейді мамандар.

Бейнекамералар толықтай іске қосылған уақытта ереже бұзған жүргізушілерге айыппұл пошта арқылы жіберіледі немесе Egov порталындағы жеке кабинетіне хабарландыру келеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Астана тұрғындары қала көшелеріндегі камералар түсірген видеоматериалдарды ала алады.

htt