«Биыл біз алғашқы базалық курсты бастаймыз, ол Foundation деп аталады. Сондай-ақ University College London (Лондонның Университеттік колледжі) оқу орнымен келісімге қол қойдық. Әлемдік рейтингіде төртінші орында келе жатқан бұл университет бізге осы бағдарламаны жасап берді. Оқуын бітірген балалар осы университеттің сертификатына ие болады. Ал бірінші курсты ойдағыдай бітірген стулденттер бірден өз мамандығы бойынша екінші курсқа өтеді», - деп әңгімеледі журналистерге Астананың жаңа университетінің академиялық саясат жөніндегі вице-президенті Қадиша Дайырова.
Оның айтуынша, университетті ашу ағымдағы жылғы шілденің басына жоспарланып отыр. Ал қыркүйекте студенттерді 50 UCL оқытушылары базалық бағдарлама бойынша оқыта бастайды. Қ.Дайырова қабылдау емтхандарын әріптес-университеттердің оқытушылары өткізетінін айтты. Foundation бағдарламасына құжаттарды ресми қабылдау жазғы кезеңде - маусым-шілде айында өтеді. Бұған дейін университет талапкерлері үшін іріктеу турының 2 кезеңінен өту қажет. Қабылдау емтиханын ойдағыдай тапсырған кейбір ең талантты студенттер мемлекеттік білім гранты бойынша оқытылады.
«Біз ынта білдірушілер көп болады деп үміттенеміз, биылғы жылы ең таңдаулы және лайықты 500 адамды қабылдауды жоспарлап отырмыз», атап көрсетті ол.
Университетке түсудің толық ережесі www.nu.edu.kz сайтына жарияланды.