Астанадағы жәрмеңкеге Солтүстік Қазақстан өңірі 900 тонна өнім әкелді (ФОТОРЕПОРТАЖ)

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Хан Шатыр» сауда орталығының маңында Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі ашылды.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Айбарбек Сапаровтың айтуынша, солтүстікқазақстандықтар елордалықтарға 900 тоннадан астам өнім әкеліп отыр.

«Бүгін Солтүстік Қазақстан облысынан Астана қаласына жәрмеңкеге келіп отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, жылда біз осында келеміз. Біздің өңірден 250-ге тарта ауыл шаруашылық кәсіпорындары қатысуда. Әкелген өнімдеріміз 900 тонна, оның ішінде 600 тонна - картоп пен көкөніс. Бағамыз Астана нарығындағы бағаға қарағанда, 20-25 пайызға арзан. Сондықтан халық көп келуде, тауарларымызды алып жатыр. Бүгін ғана сатпаймыз, ертең де 15:00-ге дейін жәрмеңкеміз жалғасын табады. Сондықтан барлық елордалықтарды шақырамыз. Өнімдеріміздің сапасы өте жоғары. Экологиялық таза деп айтамыз», - деді А.Сапаров.

Айта кету, керек, СҚО-дан әкелінген еттің бағасы біршама арзан. Сиырдың еті келісіне 950 теңге болса, қой еті 850 теңгеден саудалануда. Жылқы етінің бір келісі 1200 теңге деп белгіленген.