Отырыс барысында елорда әкімі Бақыт Тұрлыханов 9 айдың қорытындысында инфляция 103,8 пайызды құрағанын атап өтті.
«Өткен аймен салыстырғанда көкөніс өнімдері бағасының төмендеуі байқалуда. Жыл басынан әлеуметтік маңызы бар таулардың индексі 101 пайызды құрады. Нақты қыркүйек айында 98,6 пайыз болды. Дегенмен қант пен күріштің бағасы 23 және 21 пайызға өсті. Тұрақтандыру қорының көлемі 940 тоннадан 717 тоннаға дейін төмендегеніне қарамастан өсіп отыр. Біз сараптама жасап жатырмыз. Тұрақтандыру қорларының есеп-шотында 1,5 млрд теңге бар», - деді елорда әкімі.
Сонымен қатар ол бағаны ұстап тұру үшін елорданың ірі сауда орталықтарымен жұмыстар жүргізіліп, өңірлердің ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып жатқанын айтты.
«Бақыт Тұрлыханұлы, тағы да қайталап айтамын. Инфляция көрсеткіші жоғары, азық-түлік тауарларының бағалары өсуде. Өзіңіз айтттыңыз, тұрақтандыру қорының депозитінде 1,5 млрд теңге қаржы бар деп. Оны несіне ұстап отырсыздар? Баға өсіп жатыр, инфляция кетіп барады. Жылдың соңы келіп қалды. 1,5 млрд теңге игерілмей босқа жатыр. Жәрмеңкені айттыңыз. Қазір барлық облыстар келіп жәрмеңке өткізуде. Олар бағаның төмендеуіне ықпалын тигізеді дейсіз. Сенбі, жексенді күндер өткен жәрмеңкелердің ықпалы болмай жатыр ма? Бағасы жоғары болып тұр ма?», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Өз кезегінде қала басшысы жәрмеңкелердің азық-түлік бағасын тұрақтандыруға ықпалы бар екенін, тек қант пен күріш бағасы ғана елордада көтеріліп тұрғанын айтып ақталды.
«Қант жалғыз Астанада емес барлық жерде де өсіп отыр», - деп ескертті Премьер-Министр.