Астанадағы Жастар театрында әлем драматургиясындағы атақты комедияның премьерасы өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Жастар театрында 6-7 ақпан күні Әлем драматургиясының алтын қорынан ойып орын алған Жан Батист Мольердің «Жорж Данден немесе ақымақ болған басым-ай...» комедиясының премьерасы өтеді, деп хабарлады театрдың баспасөз қызметінен.

Қойылым режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бекболат Құрманғожаев. Ал, пьесаны қазақ тіліне тәржімәлаған - А.Сүлейменов.

Отбасындағы ерлі-зайыптылардың әлеуметтік теңсіздігі тудырар қиындық қай кезде де өзектілігін жойған емес. Жан Батист Мольердің «Ақымақ болған басым-ай...» комедиясы - Жорж Данден есімді кейіпкердің отбасылық өмірдегі басынан кешкен осындай қиындықтарын ұтқыр әзілмен қызықты етіп өрген әсерлі шығарма. Қарапайым шаруа отбасынан шыққан жас жігіт ақылына көркі, еңбегіне мінезі сай ақсүйек қызға үйленуді армандайды. Бірақ, өкінішке қарай, өмірде армандағаныңның бәрі бірдей орындала бермейді. Амал жоқ, Данденге әйелінің көлеңкесінде ғұмыр кешуге тура келеді...

Айта кету керек, аталған комедия шытырман оқиға, қызықты сюжетінің арқасында сандаған ғасырлар бойы сахна төрінен түспей, өз көрерменін үздіксіз қуантып келеді.

Қойылымда басты рөлдерді театрымыздың актерлері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғани Құлжанов, Бейбіт Құсанбаев, Жандәулет Батай, Ғазиза Мұқан, Диана Смағұлова, Айман Есенқызы, Ербол Тілеукенов сомдайды.