Астанадағы «жер» үйлердің үштен бірінде өрт қауіпсіздігі сақталмаған - ТЖД

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сенбі күнгі демалыста Астана қаласының төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері елорданың жеке тұрғын үй секторында ауқымды рейд жүргізді. Мамандар ең алдымен астаналықтарға өрт пен ыстан қалай қорғану керектігін түсіндіріп жатыр. Оның үстіне, кемшіліктер қанша анықталып жатса да, департамент қызметкерлері жазалауды көздеп отырмағанын айта кету керек.

ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген Астана қалалық ТЖД бастығы қызметін уақытша атқарып жүрген Марғұлан Аманбаев елордада өрт қауіпсіздігі мәселесі қаншалықты өткір болып тұрғанын, сонымен бірге тілсіз жаудан қалай сақтану керектігін айтып берді.

- 1 қыркүйектен бастап қалада өрт қауіпсіздігі мәселесіне қатысты айлық өткізіліп келеді. Ол айлық насихат әрі түсіндірме тәртібінде жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін біздің қызметкерлер 40 мыңға тарта жеке үйді аралап шықты. Ол үйлердің үштен бірінде өрт қауіпсіздігі бойынша олқылық бар. Айта кетейін, ең алдымен халық «времянка» атап кеткен уақытша баспанада өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету - өте күрделі мәселе. Ол шағын баспаналар жалға беріледі де, онда адамдар жиі ауысып тұрады. Яғни, біз қазан айында ғана белгілі бір үйде болып, түсіндірме жұмысын жүргізіп, нұсқау қағаздарын беріп кетсек, бір айдан кейін әлгі үйде мүлде басқа адамдар тұрып жатады. Бұл үрдіс тоқтамайды да. Оның үстіне уақытша баспаналар қыстыгүні тұруға келе бермейді. Себебі, ондағы жылытушы пеш өрт қауіпсіздігі ережелерін ескерілмей салынған. Электр желілері турасында да сондай мәселе бар. Уақытша электр желілері орнатылатындықтан, олардың изоляциясы бұзылып жатады.

- Өрт қауіпсіздігі жұмыстары қандай жағдайда жүргізіледі?

- Жеке секторды бақылау мәселесі заңда қарастырылмаған. Себебі, Конституция бойынша баспана деген - қол сұғуға болмайтын мүлікке жатады. Оның үстіне өз мүлкі мен иелігінің қауіпсіздігі үшін ең алдымен иесі жауапты. Біз түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тиісті кеңесті беріп жатамыз. Егер үй иесі кіруге рұқсат берсе, электр желілері мен пешті тексеріп, кемшіліктерді атап, түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз.

Бізде негізі барлық тексеру жұмыстары Кәсіпкерлік кодексі пен қауіп дәрежесін бағалау талаптары негізінде жүргізіледі. Жеке тұрғын үй бұл талаптарға жатпайтынын ескеру керек. Оның үстіне заң бойынша үй иесі өтініш берсе ғана біз үйді тексере аламыз. Шақырылған үйге біздің қызметкер барып, тексеріп, кемшіліктер тізімін тапсырып кетеді. Сонымен бірге, осы тексеру барысында ешқандай айыппұл санкциясы қолданылмайтынын айта кету керек. Заңнама бойынша тәртіп солай. Белгілі бір үй көршісінің шағымы негізінде де тексерілуі мүмкін. Бірақ, мұндай жағдайда кемшілік анықталса, инспектор міндетті түрде әкімшілік шара қабылдайды.

- Жеке сектордағы жатақханалар да тексеріле ме?

- Астанада керек десеңіз, екі қабатты, тіпті үш қабатты «времянкалар» бар. Онда отыз отбасыға дейін өмір сүруі мүмкін. Алайда ол баспаналар құжат бойынша жеке тұрғын үй болып тіркеледі де, жер учаскесі мақсаттан тыс сипатта қолданылады. Егер оларды жеке тұрғын үй санатынан шығарып тастап, жатақхана ретінде қайта тіркейтін болса, онда өртке қарсы мемлекеттік органның қызметкерлері егер оо жатақханада тұратындардың саны 100-ден асып кетсе жатақхананы тексеруге уәкілетті.

- Өрт сөндірушілердің бұл қызметіне тұрғындар қалай қарайды?

- Жағдайды түсіндіре отырып, біз халықтың қауіпсіз өмір сүру мәдениетін көтергіміз келеді. Үйдің отағасы өз баспанасының қауіпсіздігіне баса мән беруі керек. Халық қазіргі уақытта бұл ең алдымен өз қауіпсіздігі үшін керектігін түсініп келеді. Ақпараттың әрбір адамға жетуін қамтамасыз еткіміз келеді. Өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, егер біз қажетті қағаздарды, жадынамаларды пошта жәшігіне тастап кетсек, тұрғындар «бізге ешкім келмеді, ешкім түсіндірмеді» деп айтатын болады.

Жалпы, бұл жұмыстың қалай жүргізіліп жатқанын айтып берейін. Біз белгілі бір үйге келгеннен кейін өздерінің қол қоюымен жадынамаларды тастап кетеміз. Ол жадынамаларда жеке тұрғы үйдегі өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелері жазылады. Егер үйде көпбалалы отбасы, аз қамтылған жанұя немесе ол отбасында мүмкіндігі шектеулі адам тұратын болса, бұл үйлер тіркеуге алынады. Ол үйлерді біз айына бір мәрте тексереміз. Алайда бізді үйіне кіргізе қоймайтын адамдардың да санаты бар. Ондай жағдайда біз үй иелерімен сыртта сөйлесіп, жадынамаларды қолдарына тапсырып кетеміз. Үйінде бұзушылық бар ма, жоқ па - білмейміз. Үшінші санат бойынша адамдар біз келгенде үйінде болмауы мүмкін. Ондай жағдайда жадынаманы пошта жәшігіне тастап кетеміз. Ондай үйлерді түртіп аламыз да, келесі жолы тағы да тексеруге келеміз.

Бірақ, бұрын айтқанымдай, кез-келген азамат кеңес алу құқығына ие, кез келген тұлға төтенше жағдайлар органдарына жүгінуге құқылы. Бұдан басқа, департаментте жұмыс топтарын, кәсіпорындардың қызметкерлерін даярлау курстары ұйымдастырылған. Өткен жылы біз әр мектептің 3-5 өкілін оқыттық. Біз оларға мектепте қосымша қолдануға болатын негізгі базалық ақпаратты бердік.

- Қауіпті де қайғылы жағдайлардан сақ болу үшін қазақстандықтарға қандай кеңес берер едіңіз?

- Өрт қауіпсіздігі ережелері бойынша аулаға қоқыс тастауға тыйым салынған. Пештегі күлді уақытында белгілі бір жерге, ең алдымен, ғимараттан 15 метр қашықтықта үю керек. Металл контейнерді пеш астына салып қойған жөн. Егер бізді үйге кіргізетін болса, онда біз ең алдымен сымдарға назар аударамыз. Өйткені, меншік иелері көп жағдайда электр қондырғыларына аудит жүргізбейді. 10 жыл бұрын тартылған әбден кабельдер тозып, қауіп туғызуы мүмкін.

Бұдан әрі біз жылыту пештеріне қатысты ұсыныстарды береміз. Жылыту маусымы басталар алдында пешті міндетті түрде жөндеу керек. Яғни темір плитадан қандай да бір жарықшақ пайда болса, оны міндетті түрде ауыстыру керек. Барлық тесіктерді бітеп, мұржаны тазалаңыз. Пештің алдында 50х70 см болатын от шарпуын ұстап тұратын қалқанша болуы тиіс. Егер пештен жанбай қалған көмірлер түсіп жататын болса, металл парақ ол көмірді ұстап қалуы керек. Пеш құбыры төбені жанап өтер болса, ол жерде өртеніп кетуі ықтимал ештеңе болмауы тиіс. Пешті қабырғаға жақын жерде орналастыруға болмайды.

Пешті жарып тастауға болмайды. Ауа райы жылы болып тұрған кезде екі шелек көмір ғана салуға болады. Бұл мөлшер үйдегі жайлылықты сақтауға қауқарлы. Бірақ температура күрт төмендейтін болса, екі шелек жеткіліксіз. Егер пеш дұрыс болмаса, жоғары градусқа шыдамаған одан өрт шығуы мүмкін. Біз сондай-ақ тұрғындарға пешке көмірді ұйықтар алдында бір жарым сағат уақыт бұрын салуды ұсынамыз. Себебі бізде қайталама фактор - ыс тию қаупі бар.

Айтпақшы, ыс туралы тағы айта кетейін. Қазіргі уақытта қалада улы иісті анықтайтын датчиктер орнатылып жатыр. Үйде газ анализаторларын орнату міндетті емес. Десе, өз қауіпсіздігің үшін оны орнату керек. Себебі, ыстың түсі де, иісі де сезілмейді. Адамдар оянбай қалуы мүмкін. Ал бұл техникалық құралдар дербес жұмыс істейді. Көміртектің концентрациясы арта бастағанда, олар дыбыстық сигнал шығарады. Бұл адамның оянуы үшін жеткілікті.

Біз бұл туралы айтып жатырмыз. Керек болса, тағы үш рет түсіндіруге дайынбыз.

- Сұхбатыңыз үшін рахмет.

Соңғы жаңалықтар