14:58, 16 Сәуір 2009
Астанадағы жылу тарату жүйелері сәуірдің 20-сынан бастап кезең-кезеңімен тоқтатылады
АСТАНА. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Үстіміздегі айда ауа райының суытуы болжанып отырғандықтан, Астанада жылыту маусымы сәуірдің 20-сынан бастап кезең-кезеңімен тоқтатылатын болады.
Бұл туралы бүгін әкімдікте өткен кеңесте қала басшысының орынбасары Василий Крылов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, 2008 жылғы қыркүйектің 26-сында басталған биылғы жылыту маусымында сыртқы ауа температурасы -7 С болды. «Өткен жылғы дайындық жұмыстары кезінде ескілері жөнделіп, жаңа желілер тартылды. Бұл коммуналдық қызметтердің жоғары деңгейде және жедел жұмыс жасауын қамтамасыз етті. Жылу беру маусымын тұрақты режімде өткізуге сондай-ақ «Тұрмыс» ЖШС базасында құрылған бірыңғай апаттық-диспетчерлік қызмет пен жылыту маусымына дайындық және оны өткізу жөніндегі қалалық штаб мүмкіндік берді», - деді ол. Егер 2007-2008 жылдары ПИК жұмыстарына байланысты 954 шағым келіп түссе, 2008-2009 жылы олардың саны 635 болды. Айта кетерлігі, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің жылу жүйесінде бірде-бір іркіліс тіркелген жоқ. Түскен шағымдар «Сұлтан» (22), «Нұргүл» (22), «Коммуналшы-2» (19), «Жекеменшік (17), «Әл-Фараби-2008» (17), «Жастар -1» (11) ПИК-тердің жұмыстарына қатысты болды.