Астанадан Ақжайыққа дейін: Оралда Президент Телерадиокешенінің кинолекторийі өтті

АСТАНА.KAZINFORM -Орал қаласы Президент Телерадиокешені деректі фильмдер орталығының шығармашылық тобын қабылдаған сегізінші қала болды.

Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Орал тұрғындары «Хроникадан болашаққа» кинолекторийіне үлкен қызығушылық танытты. «Серт» фильмі өткенді еске түсіріп, көрермен көзіне еріксіз жас үйірді. Себебі фильм 2024 жылғы су тасқыны туралы баяндайды.

Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданы да су тасқынының эпицентрінде болды. Қоржын ауылының тұрғындары әлі күнге дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуін еске алады. Оның сөзі баспанасыз қалған жұртшылыққа медеу болған еді.

Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Мемлекет басшысының тапсырмалары орындалды: бес ай ішінде отбасылар жаңа үйдің кілтін алды. Деректі фильм су тасқынынан аман қалған адамдардың нақты өмірі арқылы елді мекендерді қалпына келтіру тарихын баяндайды.

- Фильм бірліктің арқасында кез келген қиындықты жеңіп, көп нәрсеге қол жеткізуге болатынын көрсетеді. Мұның бәрі қазақ халқының, бүкіл ұлттың және ел азаматтарының арман-мұраты бір екенін тағы да растайды, - деп атап өтті Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз.

Оның айтуынша, ТРК түсірген деректі фильмдер қоғам үшін ерекше құнды. Олар маңызды оқиғаларды көрсетіп қана қоймай, олардың маңызын түсінуге, ұлттық идеяны және азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыруға көмектеседі. Дәл осындай фильмдер арқылы көрермен ел тарихының ортақ ұлттық идеяның бір бөлігіне айналатынын көреді.

Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Кинолекторий бағдарламасы «Человек с острова Кулалы» деректі фильмінің көрсетілімімен үйлесімді түрде жалғасты. Онда Каспий теңізіндегі шалғай аралдағы гидрометеорологиялық станцияның басшысы Петр Лупенковтың отыз жылдан астам уақыт бойы өз жұмысын жалғыз өзі және адал атқарған тарихы баяндалады.

Көрерменнің айтуынша, фильм оларды басты кейіпкердің ерекше өмірі мен табиғатпен үзілмейтін байланысы туралы баяндауымен таңғалдырды.

- Кино түсірушілер бұл ерекше адамның өмірін, табиғатпен байланысын және ішкі әлемін шынайы түрде жеткізе алды. Петр Иванович Каспий теңізі мен Құлалы аралына соншалықты жақын болғандықтан, табиғаттың тынысын сезініп, оның тұрғындарын түсінгендей болды. Оның жануарлар әлеміне деген жақындығы ұсақ-түйек нәрселерден – иттердің, мысықтардың, тіпті құстардың сенімінен көрінді. Әсіресе, қасқыр туралы әңгімеде жыртқыштарды қолға үйрету мүмкін емес деген сенімге қарамастан, ол қасқыр күшігін асырап, оның сеніміне ие болды, - деп бөлісті Орал тұрғыны Азамат Мұратұлы фильмнен алған әсерін.

Петр Лупенковтың әңгімесі азаматтық жауапкершілік пен өз ісіне деген адалдықтың ең жоғары деңгейін көрсетеді, дәл сол рух «Адал Азамат» тұжырымдамасының негізінде жатыр.

Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Сондай-ақ көрерменге «TRAVEL KAZAKHSTAN» және «Aral» деректі фильмдері ұсынылды.

Айта кетейік, «Хроникадан болашаққа» ауқымды ағартушылық жобасы Президент Телерадиокешенінің 30 жылдығына арналған.

ҚР Президенті Телерадиокешені деректі фильмдер орталығының бас продюсері Әділбек Құламан «Хроникадан болашаққа» кинолекторийінің басты мақсаты көрерменді отандық деректі фильмдермен таныстыру екенін атап өтті.

- Жоба атауының өзі сабақтастық формуласы сияқты естіледі. Хроника – фильмге түсірілген тарих, ал біздің міндетіміз – оны болашақ ұрпақ үшін сақтау, - деді Әділбек Құламан.

Оралдан кейін кинолекторий ел бойынша гастрольдік сапармен жалғасады. Фильм көрсетілімі Ақтөбе, Өскемен, Семей, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Талдықорған және Қонаев қалаларында өтеді.

Жоба 25 қыркүйекте Алматыда аяқталады.

Фильмнің көрсетілімі аймақтық әкімдіктердің қолдауымен аймақтық кинотеатрларда өтіп жатыр. Кіру тегін.