Астанадан бастау алған ядролық қарусыз әлем тақырыбы Берн қаласында жалғасын тапты
Адамзатты толғандырып отырған осы мәселені талқылау Ассамблея шеңберінде өткен «Ядролық қару - апатқа әкелетін жол» тақырыбындағы пікірталаста жалғасын тапты. Қазақстан делегациясы жуырда ғана Астанада өткен «Ядролық қарусыз әлем үшін» халықаралық форумының жалынды лебін ала келгендей әсер етті. Әлемді ядролық қаруға қарсы күресте бірігуге шақырған Астана Декларациясы Бернде үндестік тапты.
Осы алқалы басқосуда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов баяндама жасап, ядролық қарусыз әлемді құру мақсатындағы Қазақстанның қосып келе жатқан үлесі туралы ойларын ортаға салды.
Мәжіліс төрағасы өз сөзін осы шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіруден бастады. Жылы шыраймен қабыл алып, пікір алмасуға мүмкіндік жасағандары үшін рақмет айтты. Ядролық қаруды таратпау туралы ортаға салынған ойлар әлемде бейбітшілік орнатуға жасалған нақты бір қадам болып табылатынына сенім білдірді.
Ұстанған мақсатымыз нақты және екі ұдай емес, алдағы бағыттарды ақындап алуға негізделгенін бәріміз де түсінуіміз керек. Біз ортақ күш-жігеріміздің арқасында ядролық қаруды мүлдем жоямыз немесе оның ғаламшарымыз бойынша таралу ауқымы ұлғая түсіп, ерте ме, кеш пе, барша адамзат өркениетін біржола жойып жіберуге алып келеді. Осы ойларды айтқан Орал Мұхамеджанов бұл апаттың бұдан басқа жолы жоқ екенін атап өтті.
1949 жылдан бастап біздің жерімізде Семей сынақ аймағы іске кірісіп, 40 жыл ішінде 456 ядролық жарылыс жасады. Екі жүйенің жаһандық ядролық жанталаса қарулануының нәтижесінде бір жарым миллион бейбіт тұрғын атом апатының жазықсық құрбандары болды.
«Қазақстанның ұстанымы - қатал тәжірибе көрсеткендей апатқа алып келетін ядролық қарудан біржола құтылудың басқа баламалы жолы жоқ екенін ескерту. Және ол халықтың қалауымен жүзеге асып, екі тарихи жеңіске қолымыз жетті. Біріншісі - 20 жыл бұрын Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы. Екіншісі - Қазақстанның әлемдегі төртінші зымыран-ядролық әлеуетінен өз еркімен бас тартуы. Әлемде жарты ғасырдай уақыт бойы бір ғана үрдіс - ядролық қаруға ие державалардың саны өсіп, ядролық қарудың географиялық аумағы ұлғая түсуі белең алды. Ядролық қуатты арттыру - қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бір ғана жолы деген жалған ұстаным пайда болды. Ядролық қаруы бар мемлекеттер оны күшейте түсуге ұмтылды, ал басқа елдер осы қаруға ие болуға тырысты. Сол кездің өзінде жанталаса ядролық қарулануды шектеу жөнінде ұрандар тасталды. Бірақ нақты іс-әрекеттермен негізделмеген бұл сөздер қарама-қайшылығы мол әлемде ешкімге қандай да бір әсер ете алмады. Адамзат тарихында бірінші болып ядролық сынақ аймағын жапқан, қуатты ядролық әлеуетінен бас тарқан және сол арқылы жаңа жаһандық үрдістің негізін қалаған Қазақстан іс жүзінде үлгі көрсетті», - деді Орал Мұхамеджанов.
Семей сынақ аймағының қызметін тоқтату үшін Қазақстанға және оның Көшбасшысы Президент Н.Назарбаевқа қуатты әскери-өнеркәсіп кешенінің және кеңестік мықты держава басшыларының қарсылықтарын еңсеруге тура келді. Ядролық қарудан бас тарту туралы шешімнің тағдыры да өте күрделі болды.
Мәжіліс төрағасының пікірінше, біз ядролық оттұмсықтардың көзін жойып қана қойған жоқпыз, жаппай қырып жоятын қару ғана күш береді, әлемді күштілер ұстап тұрады деген қалыптасқан жаһандық қауіпсіздік туралы көзқарасты түбірімен өзгерте алдық.
Әлемді қиратуға алып келетін апатты қарудың қауіпсіздікті қамтамасыз етуге күші жетпейтініне біздің анық көзіміз жеткен болатын.
Бүгінгі таңда осы бір ұғымды терең ұғынатындардың қатары арта түсуде. Соның арқасында жаңа көріністің күш алғанын, яғни, ядролық қарудан азат елдердің аумақтары ұлғайып келе жатқанын көріп отырмыз. Сондай аумақтың бірі Орталық Азияда қалыптасты. 2006 жылы Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Тәжікстан және Түркіменстан ядролық қарудан азат аймағын құру туралы Келісімге қол қойды.
Біздің еліміз ядролық қатерді таратпау және азайту мақсатындағы ғаламдық процеске белсенді қатысып келеді және алдағы уақытта да атсалысады. Мемлекетіміз Ядролық қаруды таратпау туралы Шартқа, барлық ядролық сынақтарға тиым салу жөніндегі Шартқа қосылды.
Қазақстан БҰҰ жүйесі шеңберінде әзірленген лаңкестік әрекеттерге қарсы тұру жөніндегі барлық 13 халықаралық конвенцияның қатысушысы болып табылады. Соның ішінде ядролық лаңкестік актілерімен күрес жөніндегі Конвенция да бар.
Біздің еліміз «Ядролық қатерді қысқарту бойынша бастама» америкалық қорының ұсынған Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттігі (МАГАТЭ) аясында ядролық отынның халықаралық банкін құру идеясына қолдау білдірді және оны Қазақстан аумағында орналастыруға әзір екенін мәлімдеді.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы әрекеттердің халықаралық күні деп жариялады.
Қазір біз екі ұстанымның күресін байқап отырмыз. Бір мемлекеттер ядросыз әлем қозғалысын жақтаса, екіншілері ядролық әлеуетін күшейтуге ұмтылуда. Бұл жерде бір ымыраға келуі мүмкін емес, ядролық қарулануды тоқтата тұру және оған қарсы тұратын күштің бәрі таусылды. Ядролық қарудан толықтай азат болуымыз қажет, адамзаттың өзін-өзі жойып жіберу қаупінен де азат болуымыз керек.
2010 жылы өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық Саммитте Президент Назарбаев бірқатар бастама көтерді. Соның ішінде Ядросыз әлемнің жалпыға бірдей декларациясын қабылдауға шақырды және Ядролық қаруларды жалпыға бірдей көлбеу және тігінен таратпау туралы жаңа Шарт жасау туралы айтты.
Нью-Йоркте жуырда өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 66-шы сессиясы барысында Ядролық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жоғары деңгейде болған басқосуда Қазақстан Президенті ядролық қауіпсіздіктің үш принципін ұсынды. Олар: адамзатты ядролық қарудан қорғау, потенциалды ядролық лаңкестікке қарсы бірлесе әрекет жасау, атом энергетикасының қауіпсіздігі.
Қазақстан Президенті сонымен қатар алдағы уақытта ядролық державалардың ондай қаруы жоқ мемлекеттерге ядролық қару қолдануына және оны қолданамын деп қатер төндіруіне болмайтындығы жөнінде міндеттеме алуы туралы конвенцияны бекіту қажет деп есептейді.
Мәжіліс төрағасы бес күн бұрын ғана Қазақстанда «Ядролық қарусыз әлем үшін» халықаралық форумы болып өткенін, осы басқосуға қатысушылар қасіретті бастан кешкен Семей өңірінде болып, ұзақ жылғы ядролық сынақтың жантүршігерлік зардаптарын өз көздерімен көргенін айтып өтті.
Форумға қатысушылар ортақ тоқтамға келді. Егер біз түгелдей ядролық қарусыз әлем мәселелері жөніндегі келісімге қол жеткізсек және оның іс-шараларын жүзеге асырсақ, ондай бірлескен мақсат пен құндылық қауіпсіздіктің сенімді іргетасы болатыны сөзсіз. Ол ядролық қару алдындағы үрейдің орнын басып, бейбіт өмірге кепіл бола алады. Осы ойлармен сөзін қорытқан Қазақстан парламенттік делегациясының жетекшісі О.Мұхамеджанов: «Бәріміз де осы мақсатқа жетуге ұмтылуымыз керек. Бұл жерде парламентшілердің рөлі айрықша және соған орай оларға үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Осы жолда ядролық қарусыз әлем үшін, адамзаттың болашақ ұрпағы үшін барлық күш-жігерімізді біріктіруіміз керек»,- деді.
Басқа да парламенттік шаралармен қатар бағдарламада 18 қазан күні ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы О. Мұхамеджановтың ПАО жұмысына қатысып жатқан шетелдік парламенттік делегациялардың басшыларымен екіжақты кездесулер өткізетіні қарастырылған.