Астанадан Бодрумға ұшқан ұшақ Ақтауға қонуға мәжбүр болды
21:06, 09 Тамыз 2023
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанадан Бодрумға ұшқан ұшақтан ақау шығып, Ақтауға қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бордта 163 жолаушы болған. Олар 8 сағат бойы Астанадан басқа ұшақтың жіберілуін күткен. Ал ақау «AirAstana»-ның әуе кемесінен шыққан. Себебі анықталып жатыр.
Айта кетейік, заң бойынша ұшақтың әр кешіккен сағатына билет құнының 3 пайызы төленуі тиіс. Ол үшін жолаушы әуе компаниясының сайтына кіріп, өтініш қалдыруы тиіс. «Бүгін Астана уақытымен 19:20 да қосымша ұшақ Ақтаудан Бодрумға кешіккен рейстің 163 жолаушысын діттеген жеріне жеткізбек. Бүгінгі рейстің кешігу себебі – ол отын жүйесіндегі ақау. Кешігудің әр бір сағаты үшін 3 пайызды төлейміз», - деді «Air Astana» әуе компаниясының корпоративтік коммуникациялар жөніндегі менеджері Тілек Әбдірақымов.