Астанадан Маңғыстау полициясын тексеруге кімдер барды

Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Маңғыстау облысындағы полицияны тексеруге Өзіндік қауіпсіздік департаментінің басшылығы барғанын айтты. 

Айта кетейік, Ақтауда полиция департаментінің басшыларына қатысты анонимді ұжымдық хат таралғаннан кейін, ҚР Ішкі істер министрлігінің комиссиясы келіп, тексеру жүргізіп жатыр

— Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысына орталық аппарат департаменттерінің басшыларынан құралған топ жіберілді. Оның құрамында ҚР ІІМ Өзіндік қауіпсіздік департаменті мен орталық аппараттың өзге де бөлімшелері қамтылды. Комиссия жұмысының нәтижесін кейіннен жариялаймыз, — деді Санжар Әділов Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Еске салайық, 19 қарашада әлеуметтік желілерде өңірдің бас полицейі мен оның орынбасарларын ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деп айыптаған ұжымдық арыз тараған болатын. Сол кезде полиция департаменті айыптауларды жоққа шығарып, бәрін фейк деп атады.