Астанадан Павлодар арқылы Семейге баратын жол жыл соңына дейін ашылады

ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Мәжілісмендер Астана-Павлодар тасжолының құрылысымен танысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз Ақмола облысында болдық, бірақ Павлодар облысындағы жолдың учаскесі күрделі болып отыр. Біз барлық бағыттар бойынша жұмыстардың жүріп жатқанына көз жеткіздік. Дегенмен, бірқатар мәселелер де бар. Бірақ, «ҚазАвтоЖол» АҚ мен ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті жаңа мердігерлерді тапты. Қазір толықтай жұмыс жүріп жатыр, мердігерлер жұмыстарын сапалы әрі уақтылы аяқтауға уәде етті», - деп мәлімдеді Парламент Мәжілісінің депутаты Глеб Щегельский.

Павлодар облысындағы Парламент Мәжілісі комиссиясының көшпелі отырысы барысында депутаттар Ақмола және Павлодар облыстарында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жол учаскелерінің құрылысымен танысты.

«Қашықтығы 905 шақырым болатын Орталық-Шығыс жобасы жүзеге асырылуда. Жоба жұмыстары 2010 жылдан бері жүргізіліп келеді. Дәліздің құрылыс жұмыстары 2019 жылы аяқталады», - деді «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Павлодар облыстық бөлімшесінің басшысы Қайрат Каребаев.

2018 жылдың қорытындысы бойынша Астана-Павлодар және Павлодар-Семей бағыттары бойынша жолды  ашу жоспарда бар. Бұл жұмыстарға 55,3 миллиард теңге бөлінген. Оның ішінде 9,1 миллиард немесе бөлінген қаржының 16 проценті игерілген.

Жолдың құрылысында болған комиссия «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры бөлген бюджеттік қаражаттың тиімді жұмсалуын қадағалау үшін құрылған.