Астанадан шабадан сатып алған жігіт сол дүкенді сотқа берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Sine Tempore» сауда орталығындағы бутиктердің бірінен шабадан сатып алған жігіт дүкенді сотқа берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

2016 жылдың 7 қыркүйегінде ер адам Астанадағы «Sine Tempore»  сауда орталығындағы бутиктердің бірінен шабадан сатып алған. Алайда, Орал қаласына жете сала жүк салғыштың бауы үзіліп қалған. Содан кейін ер адам дүкенге келіп ақша қайтаруын немесе шабаданды ауыстырып беруін сұраған. Алайда, сатушы оған көнбеген.

Астана қалалық тұтынушылардың құқығын қорғайтын «Əділет» қоғамдық бірлестігінің арқасында жігіт Сарыарқа аудандық сотына сатып алған сапасыз бұйымның ақшасын қайтарып алу туралы арызданған.

Сот сатушы  тұтынушының құқығын бұзды деп, шабаданның ақшасын, сондай-ақ, моральдық шығынды өтеу туралы шешім шығарды. Сот шешімі əлі заңды күшіне енген жоқ.