Астанадан шығатын трасса жабылып, қаламаңы маршруттары тоқтады
20:23, 24 Қараша 2023
Күн райының нашарлауына (жауын, көктайғақ, қатты жел) байланысты Астанадан шығатын трасса жабылды. Кazinform бұл туралы «109» қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Атап айтқанда, сағат 19.30-дан бастап «Екатеринбург қаласы – Алматы қаласы» республикалық маңызы бар автожолының 1291 – 1426 шақырым аралығы, нақты айтқанда, «Астана қаласы – Теміртау қаласы» учаскесі барлық көлік түрлері үшін жабылды.
Сондай-ақ City Transportation Systems компаниясының ақпаратына сүйенсек, Астана маңына қатынайтын бірқатар автобустың қозғалысы тоқтатылды.
«Ауа райының нашарлауына байланысты, қала маңына қатынайтын № 315, 316 бағдарлардың қозғалысы уақытша тоқтатылды. Қала маңына жүретін басқа бағдарлар линияда», –делінген мәліметте.