Астанаға Францияның жетекші компанияларының өкілдері келеді

ПАРИЖ-БРЮССЕЛЬ. 14 ақпан. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2011 жылдың 19 қыркүйегінде Парижге жасаған сапары барысында Қазақстан мен Франция басшыларының арасында қол жеткізілген келісімді жүзеге асыру мақсатында 15-17 ақпан күндері Астанаға Францияның ауқымды бизнес-делегациясы келеді.

Делегация құрамында Францияның жетекші 50 компаниясын таныстыратын 80-нен астам бизнесмен бар. Олардың арасында әлемдік индустрияның келесідей алпауыттары бар: «Альстом», «ЕАДС», «Тоталь», «Арева», «Электриситэ Де Франс», «Газ Де Франс», «Шнайдер Электрик», «Талес», «Буиг», «Санофи Авентис». Аталмыш компаниялар қазақстандық-француздық бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс істеуде.

Елімізге алғаш сапар шеккелі отырған өзге де бірқатар ірі компанияның Қазақстанмен бірлескен өнеркәсіптік әріптестікті жақсартуға мүддесі жоғары.

Қазақстанның қарқынды дамуы және халықаралық институттардың атап өтуінше, оның тұрақтылығы, сондай-ақ әртүрлі салада ашылып отырған ықпалдастықтың жаңа көкжиегі француздық кәсіпорындардың аса қызығушылығын тудыруда. Ағымдағы жылдың 27 қаңтарында Президенттің ел халқына арнаған «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағытты» атты Жолдауында атап көрсетілген жаңа міндеттер мен бағдарлар, Францияның мол тәжірибесі мен озық технологиялары сұранысқа ие болуы мүмкін - үш сала бойынша серіктестікті кеңейтуге ұмтылысты арттыруға септігін тигізді.

Сапардың алғашқы күні Қазақстан-француз іскерлік кеңесінің 5-інші отырысы өтеді. Аталмыш құрылым 2008 жылы құрылды, бүгінде оған екі мемлекет бизнесінің 70 өкілігі еніп отыр. Іскерлік кеңес Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-француз үкіметаралық комиссиямен қатар «Назарбаев-Саркози» Президенттік комиссияның пәрменді тетіктерінің бірі болып табылады.

Кездесу барысында сондай-ақ француздық делегацияның Қазақстан Үкіметінің, бірқатар министрліктердің, мемлекеттік холдингілер мен  ұлттық компаниялардың басшыларымен кездесуі жоспарланған.

Институционалды деңгейдегі әріптестіктің қарқынын бекіте түсуге мүмкіндік беретін келесі кезең - ағымдағы жылдың наурызында Парижде өтуі жоспарланған 10-ыншы үкіметаралық комиссияның отырысы.